Гаитиде төтенше жағдай енгізіліп, 15 күн қаралы деп жарияланды

Гаитиде президентке қастандық жасағандардың екеуі ұсталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Гаити қауіпсіздік күштері президент Жовенель Моизді өлтірген күдіктілермен қарулы қақтығысқа түсіп, төртеуінің көзін жойды. Тағы екеуін қолға түсіріп, қаскөйлер кепілдікте ұстаған 3 полицейді құтқарған. Бұл туралы осы елдің полиция басшысы Леон Чарльз мәлімдеді. Оның айтуынша, қауіпсіздік күштері қастандық жасаушылардың жолдарын бөгеп тастаған. Гаитиде сейсенбіден сәрсенбіге қараған түні президент Жовенель Моиздің резиденциясына бір топ қарулы адам шабуыл жасап, оны өлтіріп кетті. Оның әйелі ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Билік қастандықты шетелдік жалдамалы кісі өлтірушілер жүзеге асырды деп отыр. Оқиғадан кейін елде төтенше жағдай енгізіліп, 15 күн қаралы деп жарияланды.