424,60 504.60 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қырғызстанда малды экспортқа шығаруға рұқсат етілді

  • 75
  • UPD: 15:27, 08.07.2021

Қырғызстанда ірі қара мен ұсақ тұяқ малды экспортқа шығару рұқсат етілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Былтыр күзде Үкімет азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатымен малды шетелге сатуға тыйым салған болатын. Алайда соңғы кезде жем жетіспей жүргендіктен, бұл тыйымның күшін жоюға мәжбүр болды.

Қазір Қырғызстан қуаңшылықтың зардабын тартып жүр. Су жетіспегендіктен жем-шөп те дұрыс өнген жоқ. Егер былтыр бір гектардан 200 центнер пішен шықса, биыл 160 центнер алды. Осының салдарынан жем бағасы күрт өсіп кетті. Ресми мәлімет бойынша ең көп Шу облысында қымбаттады. Мұнда бір теңнің бағасы 90 сомға артып, 250 сомға жетті. Бұл 1250 теңгеге шамалас сома.

Раис Акунов, фермер:

- Егер шамалы жаңбыр жауса, шөп басылып, қанығады, Одан жақсы жем шығады. Әрине, еккенде бұдан көп өнетініне үміттенген едім. Бірақ аз да болса өнім алғаныма Құдайға шүкір деп отырмын.

Жем тапшылығына байланысты Үкімет мал экспортына салынған тыйымның күшін жоюды шешті. Былтыр Өзбекстан Қырғызстанда малды көптеп сатып ала бастағанда бағасы күрт өсіп кеткен еді. Мұны елдің азық-түлік қауіпсіздігіне төнген қатер деп санаған министрлер кабинеті малды шетелге сатуға тыйым салды. Сонда да ет бағасы арзандаған жоқ. Қазір жағдай мүлдем өзгерді. Мал басы көп болғанымен, оларға жем жетіспей жүр.

Азим Аалиев, Атбашы ауыл әкімшілігінің төрағасы:

- Екі мақсатқа жетеміз. Біріншіден, шаруалар артық малынан құтыла алады. Оны бағуға қаражат көп кететін болды. Көрші елдерде сұраныс жоғары болғандықтан, шаруаларымыз пайда табады. Әсіресе, асыл тұқымды мал сатса.

Үкімет енді шетелге жем сатуға тыйым салды. Жем-шөп, құрама азық, жүгері және арпаны елден шығаруға уақытша мораторий енгізілді. Ауыл шаруашылық министрлігінің мәліметінше, жемді ең жиі Талас облысынан Қазақстанның Жамбыл облысына жеткізеді екен. Сондықтан бұл өңірде жемшөп бағасы 30%-ке қымбаттады.

Авторы: Бақыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы