424,51 504.55 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Әлем ковидтің кезекті толқынынан дүрлігіп жатыр

  • 124
  • UPD: 23:23, 08.07.2021

Токиода ковидке байланысты төтенше жағдай режимі орнайды. Ол 6 аптаға созылады. Яғни Жапония астанасындағы қатаң шектеулер 23 шілде - 8 тамыз аралығында өтетін жазғы Олимпиада ойындары кезінде де күшінде болмақ. Жапония үкіметі бүгін осындай шешім қабылдады. Өйткені соңғы уақытта ел астанасында коронавирус жұқтыру деректері еселеп артып кеткен. Экономиканы қалпына келтіру министрінің айтуынша, дельта штамы да көп көрінеді. Өткен тәулікте Токиода 920 адамнан қауіпті инфекция анықталған. Бұл алдыңғы аптамен салыстырғанда 260 дерекке көп. Енді жаңа тәртіпке байланысты кафе-мейрамханалардың жұмыс уақыты қысқарады. Барларда алкогольді ішімдік сатылымы шектеледі. Індет басталғалы Токиода осымен төртінші рет төтенше жағдай режимі енгізіліп отыр.

Ёсихидэ Суга, Жапонияның премьер-министрі:

- Коронавирус штамдарының белсенді таралуын ескере отырып, індетті тежеу үшін бізге шектеу шараларын күшейту қажет. Сондықтан Токиода төтенше жағдай жариялаймын. Ковид ауруханаларындағы науқастар саны азайса, төтенше жағдай режимінің мерзімін қысқартамын.

Оңтүстік Кореяда пандемияның 4-толқыны басталды. Соңғы тәулікте қауіпті вирус 1275 адамнан анықталған. Бұл өткен жылдың желтоқсан айынан бері тіркелген ең жоғарғы көрсеткіш. Науқастардың дені Сеул мен Кёнги провинциясының тұрғындары. Осыған байланысты аталған өңірлерде сақтық шаралары күшейтілген. Енді азаматтарға 4 адамнан көп жиналуға тыйым салынады. Мейрамханалар түнгі онға дейін ғана жұмыс істейді. Осы уақыттан кейін азаматтардың алкогольді ішімдік ішулеріне де болмайды. Тұрғындардың автобус және метромен жүру уақыты да шектелген. Егер кім де кім тәртіп бұзса, 88 доллар көлемінде айыппұл төлеуіне тура келеді. Жалпы мұндай шараның қабылдануы қауіпті инфекцияның көбіне 20-30 жас аралығындағы азаматтардан табылып жатқанымен байланысты. Яғни індет ошақтары жастар көп жүретін жерлерде тіркеліп жатыр екен. Мәселен, Сеулдегі ағылшын тілін үйрену орталықтарының бірінде қауіпті індет 300-ден астам адамнан анықталған. Оның 9-ынан дельта табылыпты.

О Се Хун, Сеул мэрі:

- Жекеменшік білім беру мекемелерінің, мейрамханалардың, караоке-барлардың және компьютерлік клубтардың иелері мен қызметкерлерін коронавирусқа тестілеу туралы бұйрық шығардық. Жастар арасында науқас саны көбейген сайын олар баратын орындарды бақылаймыз. Біз симптомсыз жағдайларды анықтау үшін сол жерде тестілеуді бастаймыз.

Ал енді Азиядан Еуропаға ойыссақ. Кәрі құрлық елдеріндегі ахуалды да жақсы деуге келмейді. Бір ғана Ұлыбританияны алып қарайық. Бірер күннен соң футболдан Еуропа чемпионатының финалы өтуі тиіс бұл елде коронавирустан рекорд орнап жатыр. Небәрі бір тәулікте 30 мыңнан астам адам вирустың шырмауына түскен. Науқастар санының күрт көбеюі дәл осы доп додасымен байланысты, дейді кей мамандар. Айтуларынша, Еуропа чемпионаты аясында өткен жартылай финал матчтарында жанкүйерлер сақтық шараларын мүлдем ұмытқан. Бірақ эпиджағдайдың нашарлауына қарамастан ел билігі шектеу шараларынан ары қарай жеңілдете бермек екен. Тіпті 19 шілдеден бастап маска тағу режимін де алып тастамақ ниетте. Үкімет басшысы Борис Джонсонның сөзінше, елдегі вакциналау науқаны өз тиімділігін толық көрсеткен. Десе де, Джонсонға қарсы тарап карантиннен бас тарту әлі тым ерте деп санайды. 

Кир Стармер, Лейбористік партия басшысы:

- Бәріміздің қалайтынымыз бір: ол әрине экономика қайта қалпына келіп, азаматтардың бұрынғы өмірге оралуы. Осы тұста біз соған ұмтылып жатырмыз ба деген сұрақ туады. Жағдайды бақылауда ұстай отырып әрекет етіп жатырмыз ба, әлде бәрі асығыстықпен жасалып жатыр ма?! Денсаулық сақтау министрінің сөзінше, алдағы уақытта вирус жұқтырудың күндік көрсеткіші 100 мыңға жетуі мүмкін. Бұл ақылға қонымсыз дүние.

Ал Францияда дельта дертінің кеңінен етек жаюына байланысты індеттің төртінші толқыны туралы әңгіме көбейе бастаған. Жергілікті денсаулық сақтау министрлігінің болжамы бойынша вирус жұқтыру көрсеткіші осы айдың соңына қарай өзінің шегіне жетуі мүмкін. Негізі қазірдің өзінде де бұл көрсеткіш аз емес. Күн сайын 2 мыңнан астам адам науқас деп танылып жатыр. Солардың 40 проценті жаңа штамм жұқтырған. Осыған байланысты франциялық мамандар вакциналау ісін мейлінше үдету керек дейді. Қазір Франция халқының 36 проценті ковидке қарсы дәрінің екі дозасын да алып үлгірген.

Габриэль Атталь, Франция үкіметінің ресми өкілі:

- Соңғы бір аптада вирус жұқтыру көрсеткіші қайтадан өсе бастады. Нақтырақ айтар болсақ, жеті күнде 20 процентке артты. 20-29 жас аралығындағы азаматтар арасында науқастар саны екі есеге ұлғайды. Бұл сөзсіз дельтамен байланысты. Өйткені ол ковидтің басқа түрлеріне қарағанда әлдеқайда жұқпалы.

Дельтаның тез жұғатыны рас. Осыған қатты алаңдаушылық танытып отырған АҚШ президенті ел азаматтарын мейлінше тезірек вакцина қабылдауға шақырып жатыр. Өйткені мутацияның осы бір түрінен қорғанудың жалғыз жолы екпе салдыру, дейді Ақ үй басшысы. Осыған байланысты президент әкімшілігі жаз айларында халықты вакциналау ісіне барынша күш жұмсамақ.

Джо Байден, АҚШ Президенті:

- Елде коронавирус жұқтыру деректерінің жартысы дельта дертімен байланысты. Ал әлі күнге дейін вакцина алмағандар қаншама?! Оларды миллиондап санауға болады. Сондықтан қоғам әлі де үлкен қауіп алдында тұр. Бұл өте үлкен мәселе.

Хабар 24 телеарнасы