Бангладеште зауытта болған өрттен 43 адам көз жұмды

Бангладештің Нараянганж қаласындағы шырын шығаратын зауытта болған өрттен 43 адам қаза тапты.

Бұл туралы полиция есебіне сілтеме жасай отырып Agence France-Presse (AFP) хабарлады. Бұған дейін 19 адам қаза тапқаны және ондаған адам хабар-ошарсыз кеткені туралы ақпарат келіп түскен.

United News of Bangladesh агенттігінің хабарлауынша, бейсенбі күні жеті қабатты ғимараттан өрт шыққан, оған дәнекерлеу жұмыстары себеп болуы мүмкін. AFP мәліметтері бойынша, өрт әлі толық сөндірілген жоқ.

Зардап шеккендер ауруханаға жеткізілді. Тергеу амалдары жүргізілуде.

Зауыт қызметкерлерінің бірінің айтуынша, зардап шеккендердің біразы жоғары қабаттардың терезелерінен секіріп қашпақ болған кезде жарақат алған. Ол сондай-ақ зауытта шамамен 7-8 мың адам жұмыс істегенін, сондықтан өрт құрбандарының саны артуы мүмкін екенін айтты.