Вирусологтар: Германияда індеттің төртінші толқыны жеңіл өтуі мүмкін

Германияда карантин тәртібі жеңілдетіліп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жолы мәдени және спорт шараларын өткізуге салынған шектеу жұмсартылды. Енді оларға 25 мың адамға дейін қатыса алады. Бұл ірі стадиондар мен концерт залдары қайта ашылғанын білдіреді. Алайда көрермендер ковидке тестілеуден өтуі тиіс. Мәселен Берлиндегі ең көне кинотеатр соңғы 8 айда жұмыс істеген жоқ. Ұзақ үзілістен кейін есігін ашты. Кино – немістердің ең ұнататын ермектерінің бірі. Германия тұрғындары онлайнда 830 мың билет сатып алып, 100 мың еуродан аса ақша жұмсады. Бұл былтырғымен салыстырғанда екі есе көп. Осы жаңалықты қуана қарсы алған кинотеатр иелері пайдаға кенелеміз деп отыр. Спорт жарыстары да жанданады. Футболдан Бундеслига ойындары көрермендердің қатысуымен өтеді. Ат жарысы жанкүйерлері де қуанышты.

Клеа Берлин, қаласының тұрғыны:

- Карантин кесірінен ипподром айлар бойы жұмыс істеген жоқ. Тестілеуден өттік, таза ауада арақашықтық сақтауға орын жетеді. Маскасыз жүрген адамдарды көріп, пандемияны жеңгендей сезімде қалады екенсің.

Йонатен, Берлин қаласының тұрғыны:

- Әйтеуір өмірдің қызығын көріп, маскаларды ұмытатын кезге жеттік. Көрермен аз болғандықтан, жақсы орынға отыра алдық.

Германияда індеттің төртінші толқыны туралы әңгіме жиі қозғалады. Сарапшылардың айтуынша, жазғы демалыс бітіп, оқушылар мектепке оралған соң оқу орындарында індет қайта күшеюі мүмкін. Мұғалімдер одағы оған жол бермес үшін оқу орындарында маска тағуды міндеттеп, үнемі тестілеу өткізуді ұсынып отыр. Вирусологтар болса, індеттің төртінші толқыны Германияда жеңіл өтуі мүмкін дейді.