Берлинде медицина қызметкерлері шеруге шықты

Берлиндегі медицина қызметкерлері үкіметке ескерту ретінде 2 күндік шағын шеруге шықты. Олар 2 ірі емханаға дәрігер маман жетіспей жатқанын айтады.

Осы мәселе кесімді мерзімге дейін шешілмесе, белсенділер «бұдан да ұзақ уақытқа ереуілге шығамыз» деген талап қойды. Медицина қызметкерлеріне әсіресе індет шектеулері кезінде жұмыс істеу ауыр. Оның үстіне жалақы жұмыс жүктемесіне сай емес. Емханадағы операцияны тоқтатпас үшін дәрігерлер наразылық шарасына кезектесіп шыққан.  

Майке Егер, кәсіподақ өкілі:

- Біз жансақтау бөлімі қызметкерлерінің, акушерлердің, терапевттердің жүктемесін азайтқанын қалаймыз. Олардың қазір жұмысы өте ауыр. Көбі кетеміз деп жүр. Бундестаг сайлауына дейін қызметкерлеріміз үшін жаңа тарифтік жоспарды талқылауды бастауды жоспарлап жатырмыз. Талабымыздың мерзімі 20 тамызға дейін ұзартылады. Медицина қызметкерлерінің талабы орындалмаса Шарите және Вивантес емханалары шеруге шығады.