Әлем елдерінде балалар арасында онлайн ойындарға тәуелділік артып барады

Бүгінгі балалар түрлі гаджеттерге тәуелді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көбі өмірін компьютерсіз елестете алмайды. Бірақ кей елдерде бұл ермек кәдімгідей қауіпке айналған. Өйткені індет кезінде олардың қатары әжептеуір артып кеткен.

Компьютерлік ойындарға тәуелділік – бүгінгі таңда Британияда өзекті мәселенің бірі. Әсіресе, жастар арасында. Соңғы бір жылда компьютерлік ойындардан санасы уланып, қажетті ем-дом алып жатқан жас өскіндер қатары 3 есеге артып кеткен. Мамандардың сөзінше, аталған көрсеткіштің күрт өсуі пандемиямен байланысты.

Патрик Максвелл, Nightingale ауруханасының жетекші наркологы:

- Пандемия оқушылардың білім алуына айтарлықтай әсер еткені сөзсіз. Үй жағдайында сабақ оқыған балалар уақыттарын көгілдір экран алдында бұрынғыдан да көбірек өткізетін болды. Мұны ата-аналар да байқап, алаңдаушылық таныта бастады.

Компьютерде күн ұзақ ойын ойнау жеткіншек жүрегіне қатыгездік дәнін себуі әбден мүмкін. Қытайлық Tencent компаниясы осыны ескерсе керек. Жуырда мекеме түнгі уақытта ойын ойнайтын балалар енді бақылауға алатынын жеткізді. Ол үшін арнайы жүйе іске қосылған. Қытай елінде 18 жасқа жетпегендердің түнде компьютер ойнауына тыйым салынады. Бірақ жасөспірімдер тапқырлық танытып, заңды айналып өтудің түрлі амалын табатын көрінеді. Жаңа жүйе дәл осындай айла-тәсілдермен күресуге арналған. Енді ойын ойнағысы келетіндер алдымен бет-әлпет сканерінен өтіп, шын аты-жөнімен тіркеуден өтуі тиіс. Ал одан бас тартқандарға күн батқаннан соң онлайн ойынға кіру мүмкін болмайды.

Оңтүстік Корея елінде де осыған ұқсас жағдай. Бір айырмашылығы, компьютер ойнауға қатысты шектеулердің орындалуын ойынды жасап шығарушының өзі бақылауы керек. Әлемдегі ең танымал ойындардың бірі саналатын «Майнкрафт» бұл елде тек ересектер ермегіне айналған. Өйткені мобильді қосымша жүктеу үшін корейліктер кәмелет жасқа толғанын растауы керек. Бұған түбегейлі қарсылық танытып жатқандар да бар. Олар ел президентінің сайтында тіпті арнайы петиция да жариялаған.