Шөлдің қақ ортасында тұрған Израильдегі халық су тапшылығын сезінбейді

Израильде қарқын алған ауқымды әлеуметтік жарнама жергілікті тұрғындарды суды үнемдеуге үгіттеп жатыр. Таяу Шығыстағы бұл шағын елде өз су көздері  жоқ деуге болады. Жерінің басым бөлігін шөлейт дала алып жатыр. Дегенмен, жаңа технологиялардың арқасында халық су тапшылығын сезбейді.

Жаман айтпай, жақсы жоқ. Израильдің ауыл шаруашылығын құрдымға жібере жаздаған он жылдық қуаңшылық теңіз суын тұщыландыру мен үнемдеу технологияларының қарқынды дамуына әкелді. Енді елдің саясатына айналды. Мемлекеттік су компаниясы шығарған әлеуметтік жарнамада тіршілік көзінің әр тамшысын бағалау маңызды екені айтылады.

- Қанша суды тұщыландырсақ, ол бәрібір жетпейді. Израильде қайта қуаңшылық. Ысырап ететіндей суымыз жоқ.

Суды тұщыландыру бойынша Израиль әлемде бірінші орында тұр. Ол бәріне ортақ жүйеге түседі. Тұтынушы нақты қайдан су алып тұрғанын білмейді. Бірақ ешқашан шөлдемейтініне сенімді.

Алекс Зальцер, инженер:

- Азаматымыз тұщыландырылған немесе бұрғыланған суды ішуі мүмкін. Оны «Мекорот» компаниясы үлестіреді.

Ең басты мәселе судың жылыстауы болған. Кейбір елде ол 90 процентке жетеді. Яғни тұтынушыға бір тонна су жеткізу үшін құбырға екі есе көп құю керек. Жартысы жолда құр ағып кетеді. Израильде болса су шығыны 3 проценттен аспайды. Құрылыстағы стандарттың бірі - су үнемі. Әр шүмекке ағынды реттейтін қондырма орнатылған. Іс жүзінде бұл металдан жасалған кәдімгі ау. Ол ағынды ойып, суды көпіршітіп тұрады. Тұтынушы мұны мүлдем сезбесе де судың шығыны екі есе азаяды. Осылайша айына жүздеген литр су үнемдеуге болады, пәтер иесі де аз төлейді. Ірі тұщыландыру зауыттарын іске қосқан Израиль Иордания мен Мысырды да сумен қамтып келеді. Ауыл шаруашылығында да осындай технологиялар енгізілген. Тамшылап суарудың арқасында әрбір ағаш пен өсімдікке тек қажетті мөлшерде су жеткізіледі. 

Сергей Ауслендер

Сондай-ақ...