Үндістан ковид індетінің үшінші толқынына дайындалып жатыр

Үндістанда коронавирустың үшінші толқыны тамыз айында басталуы мүмкін. Мамандар осындай болжам жасады. Бірақ елде қауіпті дертпен күресетін мамандар тапшы. Ресми статистикаға сүйенсек, соңғы кезде елде бір мыңдай дәрігер коронавирустан көз жұмған. 

Денсаулық сақтау министрі індеттің үшінші толқыны болатынын ескертіп, халықты саналыққа шақырды. Алайда өңірлердегі эпидемиологтардың баяндамаларына қараса, жұрт санитарлық шектеулерді сақтамайтын көрінеді.

Гурприт Куруниян, эпидемиолог:

- Бір жыл бойы қиналсақ та, бұл бізге сабақ болған жоқ. Үкімет осыдан екі апта бұрын карантинді жеңілдете бастап еді, бірден жұрт маска тағу мен әлеуметтік арақашықты сақтауды ұмытты. Нәтижесінде ауруханалар толып кетті. Екінші толқын кезінде тараған дельта штамы бірінші толқындағы вирустан едәуір жұқпалы болғанын да ескерген жоқ. 

Індеттің екінші толқыны кезінде Үндістанда күн сайын антирекордтар тіркеліп жүрген. Күніне 400 мыңнан астам науқас анықталып, елдегі эпидахуал ушығып кетті. Бір мыңдай дәрігер қайтыс болды. Өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігіне алаңдаған медицина қызметкерлері биліктен шамалы болса да үзіліс беруді өтінді. Алайда үкімет өкілдері сырттан көмек болмайтынын алға тартып, жағдайға түсіністікпен қарауға шақырып отыр. 

Притон Хадлер, Нью-Дели қаласы денсаулық сақтау бөлімінің заңгері:

- Медиктер арасында ең көп өлім астаналық Дели штатында тіркелді. Соңғы айларда мұнда 150 дәрігер қайтыс болды. Шығыстағы Бихар штатында 130, ал Уттар-Прадеш 107 медик көз жұмды. Салыстырсақ, былтыр Үндістанда 700 дәрігер ажал құшты. 

Індеттің үшінші толқынына тосқаулы қоюдың жалғыз амалы вакциналау мен халықтың саналығы дейді мамандар. Үкімет үкімі бойынша дүйсенбіден бастап полиция жұмысы күшейтілді. Тәртіп сақшылары жағажайлар мен шалғайдағы тұрғын аудандардағы карантиндік тәртіпті жіті қадағалай бастады.  

Михаил Зейфман, Устад Рахман

Сондай-ақ...