Тбилисиде шерушілер парламент отырысына кедергі жасады

Тбилисиде шерушілер парламент отырысына кедергі жасады. Ғимаратқа басып кірген халық үкіметтің отставкаға кетіп, мерзімнен тыс сайлау өткізуді талап етті.

Шерушілерді тыныштандыру үшін полиция күш қолданды. Бірақ Премьер-министр қызметінен кетпейтінін білдірді. Еске сала кетейік, Грузиядағы жаппай наразылыққа  телеоператор Лексо Лакшараның өлімі түрткі болды. Құқық қорғаушылар «билік журналисті қорғамады» деп айыптауда. 

Натия Гумбаташвили, шеруші: 

- Біз қазір тас ғасырында өмір сүріп жатқандаймыз. Премьер-министр қызметінен кетіп үкімет таратылуы тиіс. Содан кейін мерзімнен тыс сайлау өтуі керек. Мұндай бассыздыққа тоқтау салу қажет. Мен көшеге шығып жүруден қорқамын. 16 жастағы баламды көшеге жіберген сайын алаңдаймын. 

Ираклий Кикнавелидзе, шеруші:

- Соңғы күндері Тбилиси көшелерінде жантүршігерлік оқиғалар болып жатыр. Журналистер соққыға жығылды. Салдарынан бір адам қаза тапты. Оның өлімі үшін кінәлілер жауапқа тартылуы тиіс.   

Ал Грузияның Ішкі істер министрі жақында алдын ала тергеу мәліметтеріне сүйене отырып,  телеоператор есірткіні шамадан тыс қолданудан қайтыс болғанын мәлімдеді. Бұл ақпарат халықты одан бетер ашындырды. Ашуланған шерушілер билеуші партия кеңсесіне барып, оны қорғап тұрған полицейлерге бояу мен жұмыртқа лақтырды. Тәртіпсіздік кезінде үш адам қамауға алынды.