Санкт-Петербургте індет дендеп барады

Санкт-Петербургте індет дендеп барады. Бір тәулікте шаһарда 2 мың науқас анықталып, жүзден аса адам коронавирустан қайтыс болды.

Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, өлім-жітімнің артуы мен аптап ыстық салдарынан қаладағы крематорий жұмысында қиындықтар туындаған. 13 шілдеден бастап Санкт-Петербургте жаңа шектеулер енгізілді. 75 адамнан артық жиналатын бұқаралық шаралар өткізуге тыйым салынды.

Еске сала кетейік, маусым айының басында бұл қалада Халықаралық экономикалық форум өтіп, оған 5 мың адам қатысқан болатын. Содан кейін футболдан Еуропа біріншілігінің ойындары өтті. Ал өткен айдың соңында «Алые паруса» атты дәстүрлі мейрамға 40 мыңдай адам қатысқан. Қала тұрғындарының тек 20 проценті ғана вакцинаның бірінші екпесін салдырған.

Андрей Звонков, иммунолог:

- Қазіргі эпидахуал - бұқаралық шаралар және санитарлық ережелер сақталмауының нәтижесі. Әр крематорийдің өз шегі бар. Адамды кремациялау үшін уақыт қажет. Сондықтан кезек қалыптасуы мүмкін. Халық зардап тартып жүр: онкологиялық және жүрек ауруларына шалдыққан адамдар кезегін күтіп отыр. Инфарктке ұшыраған адамдарға стент салуы қажет. Ал қазір кардиологиялық бөлімдерде ковидті емдеп жатса, қалай стент саласың?