Грекияда екпе салдырмағандар кинотеатр мен түнгі клубқа кіре алмайды

Грекияда дәрігерлер мен әлеуметтік қызметкерлер үшін міндетті вакциналау енгізіледі.

Келесі айдан бастап коронавирусқа қарсы екпе салдырудан бас тартқан қарттар үйінің қызметкерлері жұмысынан шеттетіледі. Ал 1 қыркүйекте вакцинасы жоқ ақ халаттылар да қызметіне кірісе алмайды. Премьер-министр телеүндеуінде осылай деп халықты екпе салдыру науқанына белсене қатысуға шақырды. Билік жақында жастарды препарат қабылдауға ынталандыру шараларын қолға алған. Мәселен, оларға мәдени мекемелерге бару немесе көлікті жалға алу үшін 150 еуро төлем ұсынылды. Алайда соған қарамастан ниет білдіріп жатқандар аз болғанға ұқсайды. Оның үстіне дельта штамға қатысты қауіп те сейілмей тұр. Сондықтан осы жұмадан бастап екпесі жоқ тұрғындар түнгі клубқа, кинотеатр мен театрға және барға кіре алмайды. Премьер-министр бұл әділ шешім екенін айтады.

Кириакос Мицотакис, Грекия Премьер-Министрі:

16 шілдеден бастап мәдени мекемелер мен көңіл көтеру орындарына кіру үшін келушілер арнайы қосымша арқылы коронавирусқа қарсы вакцина салдырғанын растауы тиіс. Мұндай бастама тек біздің елде ғана емес, Дания, Германия, Австрия мен Люксембургте де қолға алынған. Ал 16 тамыздан бастап қарттар үйінде қызмет ететін адамдар вакцина салдырмаса, жұмыстан шеттетіледі. Қыркүйекте бұл ереже медицина қызметкерлеріне қолданылады. Өйткені өздеріңіз ойлаңыздаршы, қатерлі ісікке шалдыққан немесе иммунитеті әлсіз науқастарға екпесі жоқ адам қалай күтім жасайды?

ФРАНЦИЯДА ЕКПЕ САЛДЫРМАҒАН ДӘРІГЕРЛЕР ЖҰМЫСҚА ШЫҒА АЛМАЙДЫ         

Франция билігі де екпе салдырмаған азаматтар үшін шектеулер енгізеді. Мәселен, келесі айдан бастап вакцинасы жоқ жандар тамақтану орындарына кіре алмайды, пойыз бен ұшаққа мінбейді. Күзде француздар дәрігердің жолдама қағазынсыз тегін ПТР-тесттен өту мүмкінідігінен айырылады. Билік екпе салдыруды ынталандыру үшін осындай шараларды қолға алып жатыр. Сонымен қатар, Францияда медицина мекемелері мен қарттар үйінің қызметкерлері үшін міндетті вакциналау енгізіледі. 15 тамыздан бастап екпе салдырмаған қызметкерлер жұмысқа шыға алмайды. Тиісінше оларға жалақы төленбейді. Жыл басында препарат қабылдаған осал топ өкілдеріне вакцинаның үшінші дозасы егілетін болды.

ГЕРМАНИЯДА МЕКТЕП ПЕН БАЛАБАҚША ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ҮШІН МІНДЕТТІ ВАКЦИНАЛАУ ҰСЫНЫЛДЫ

Өйткені балалардың коронавируспен ауыр формада ауыру мүмкіндігі төмен болғанымен, олар үйлеріндегі осал топтағы адамдарға індетті жұқтыруы мүмкін. Кейбір саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері екпе салдырмаған азаматтардың құқығын шектеуге шақырып отыр. Мәселен, ондай тұрғындарды стадион мен бассейнге жібермеу ұсынылды. Қоғам қайраткерлері тіпті «екпесі жоқ азаматтарды демалыс кезінде саяхатқа жібермеу керек» деген пікір айтып отыр. 

РЕСЕЙ 25 ӨҢІРДЕ МІНДЕТТІ ВАКЦИНАЛАУДЫ ЕНГІЗДІ          

Ал Ресейде міндетті вакциналау енгізілген өңірлер саны 25-ке жетті. Екпе алуға мәжбүр топқа дәрігерлер, сауда, қызмет көрсету және мәдениет саласының қызметкерлері кіреді. Краснодар өлкесінде 1 тамыздан бастап бір күнге демалуға келген туристерден де екпе талап етіледі. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, көрші елде міндетті вакциналау кемсітушілікке әкеп соқтырған. Сауалнамаға қатысқан азаматтардың 11 проценті екпе салдырмаған соң жұмысқа қабылданбағанын айтады.

Ресейдің ғылым және жоғары білім министрлігі пандемия кезінде жергілікті университеттер мен институттар екпе салдырмаған қызметкерлерді жұмыс кіргізбеуге құқылы екенін хабарлады. Яғни жоғары оқу орындары тиісті шешімді өз беттерінше қабылдай алады.