Британиядағы мэр сайлауының ерекшеліктері

Елімізде ауыл әкімдерін сайлау процесінің өтуіне санаулы күн қалды. Тәуелсіз Қазақстан тарихында бірінші рет қолға алынып отырған бастама батыс мемлекеттерінде қалай жолға қойылған?

Англияда қалалар мен ауылды аймақтарға екі бірдей мэр басшылық етеді. Біріншісін мэр немесе кеңес төрағасы деп атайды. Олар бір округте  жылына бір рет сайланса, екіншісінде тағайындалады. Арнайы кеңес мұндай шешімді ішкі жарлыққа қарай қабылдайды. Мэр негізінен салтанатты шараларға қатысып, жиналыстардың күн тәртібін белгілейді. Бірақ кеңес жұмысына қатысты қандай да бір шешім қабылдай алмайды, яғни нақты өкілеттігі жоқ. Мұндай мэрлер көбіне қоқыс жинау, оны қайта өңдеу, үй салығын жинау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына қатысты жұмыстарға жауапты.

Джерард Харгривз, Кенсингтон және Челси округінің мэрі:

- Лондон қаласы инфрақұрылымының негізі Викториан дәуірінде, 19-ғасырда қаланған. Оларды жетілдіру үшін біраз еңбектену керек. Су және көгілдір отын құбырларын жаңарту қажет. Тұрғындар үй салығына, паркингке ақша төлейді. Үкіметтен бөлінген қаражат бар. Солардың есебінен осы жұмыстарды жүргіземіз.

Джерард Харгривз 160 мыңға жуық халқы бар Лондонға қарасты Кенсингтон және Челси округінің басшысы. Мэр болып, биыл екінші рет сайланып отыр. Бұған дейін ол округ әкімшілігінің жоспарлау, көлік және мәдениет салаларына жауапты комитеттерде жұмыс істеген.  

Джерард Харгривз, Кенсингтон және Челси округінің мэрі:

- Қазір үкімет те, жергілікті атқарушы органдар да қаржыдан қиналып жатыр. Бүгінгідей ауыр кезеңде бюджет қаражатын дұрыс жұмсай білуіміз керек. Мысалы, қазір Кенсингтон және Челси округінде жердің астына жоғары жылдамдықты интернет сымдары тартылып жатыр. Бұл бизнес үшін де, жеке үйлер үшін де маңызды. Халықтың өмірін жақсарту үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз қажет.

Елді мекенді екі мэр басқарады дедік. Солардың екіншісін халық сайлайды. Оларға қаланың немесе округтың бюджетіне тікелей басшылық ету, жылдық жоспарды өздігінше құру құқығы берілген. Үміткерлер сайлауға партия атынан қатысып, немесе өзін-өзі ұсына алады. Төрт жылға сайланған мэрлердің бюджетті қалай игеріп жатқаны туралы ақпаратты ресми сайттан табуға болады. 500 стерлинг фунтынан, яғни 300 мың теңгеден жоғары сомаға сатып алынған тауарлары және пайдаланған қызметтері туралы мәліметтер міндетті түрде осында жариялануы тиіс. Британдық саясаткерлер мэрлердің жұмысына қатысты жылдар бойы жинақтаған мол тәжірибесімен бөлісуге дайын.

Мартин Виккерс, Ұлыбритания қауымдар палатасының депутаты: Қазақстанда ауыл әкімдерінің сайлауы өткеннен кейін екі елдің мэрлері кездесіп, тәжірибе алмасса, құба-құп болар еді деп ойлаймын. Бұл қос тараптың қаржылай және мәдени байланыстарын нығайтуға ықпал етер еді. 

Мэрлерді кәмелет жасқа толған және сол ауданда тұратын кез келген азамат сайлай алады. Ол үшін дауыс беруші ретінде онлайн тіркелуі керек. Сайлаушының учаскеге бару немесе пошта арқылы дауыс беру құқығы бар. Бұдан бөлек сенімхат арқылы да сайлауға қатысу мүмкіндігі қарастырылған.

Ғалымжан Қараманұлы

Сондай-ақ...