Жаңа Зеландияда аяз тұрғындарды әбігерге салды

Әлемнің бір бөлігінде тұрғындар ыстыққа шыдамай жатса, Жаңа Зеландия тұрғындарын керісінше күннің суығы әбігерге салды. Бүгін кей өңірде ауа температурасы минус 8 градусқа дейін төмендеген. Аяз бен көктайғақтан пойыздар тұралап, рейстер кейінге шегерілді.  

Мәскеуде 1936 жылғы температуралық рекорд жаңарды. Синоптиктер аптап әлі қайтпайтынын болжап отыр. Сондықтан өткен аптада жарияланған қауіптіліктің қызғылт-сары деңгейі ертеңге дейін сақталады. Жаз басталғалы бесінші рет температуралық рекорд орнады. Ғалымдар мұны жаһандық жылынумен байланыстырады. Сондықтан Мәскеуде жыл сайын ыстық күндер көбейе береді. Қазір Мәскеу мен Санкт-Петербургте кондиционерлерге деген сұраныс күрт артты. Ал сыртта жүрген жұрт ыстықта суатқыштардың астына тұрып салқындауға мәжбүр.

Роман Вильфанд, Ресей Федерациясы гидрометеорологиялық ғылыми-зерттеу орталығының басшысы:

- Қазіргі күннің ыстығы «жылу толқыны» деп аталады. Мұндай кезеңде жаз айларында температура қалыпты көрсеткіштен 5 градусқа жоғары болады. Ол кезеңнің ұзақтығы әдетте 5 күннен асады. Алайда қазіргі кезде температура қалыпты межеден 8-9 градусқа жоғары. Бұл өте үлкен көрсеткіш.

Псков қаласында да күн ыстық. Былтыр шілдеде ең жоғары температура 24 градустан аспаған. Алайда биыл 32 градусқа дейін жетті. Синоптиктер мұндай ауа райы апта соңына дейін сақталатынын болжайды. Сондықтан тұрғындар су жағасына барып, сая табуға мәжбүр.

Искак, Псков тұрғыны:

- Жұрт шыдауға тырысады. Олар жұмыс күні аяқталғанын асыға күтеді. Біте салысымен бірден жағажайға келеді.

Мәскеудің денсаулық сақтау департаментінің өкілдері биыл маусымда қалада кісі өлімінің артуына екі фактор себеп болғанын айтады. Соның бірі аптап ыстық. Өйткені ауа температурасының артуы жүрек-қан тамырлары ауруларының асқынуына әкеп соққан. Өткен айда өлім-жітімнің көбеюіне коронавирустың дельта штамы да әсер еткен. Биыл маусымда Мәскеуде 16 мың 271 адам көз жұмған. Бұл былтырмен салыстырғанда 24 процентке көп.

Андрей Шкода, аурухананың бас дәрігері:

- Кісі өлімінің артуы стреспен байланысты болуы мүмкін. Ал аптап ыстық сол стрестік жағдайлардың бірі. Сондықтан созылмалы аурулары бар адамдар үшін қауіп арта түседі.

АҚШ-та да аптап. Ал Калифорнияны оған қоса қуаңшылық жайлады. Штат басшылығы тұрғындарды су мен электр энергиясын мүмкіндігінше үнемдеуге шақырды. Әзірге бұл тек ұсыныс. Алайда ғалымдар алдағы уақытта оның міндетті шарт болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Олар 2012-2016 жылдардағы жағдайды еске салады. Ол кезде құрғақшылыққа байланысты тұрғындар суды тұтыну мөлшерін 25 процентке азайтуға мәжбүр болған. Қазір тіршілік нәрінің тапшылығы Калифорния аумағының 80 процентінде байқалып отыр.

БЛИЦ

- Күн ыстық. Шыдау мүмкін емес. Мен мүмкіндігінше көп су ішіп жатырмын. Әйтпесе мынадай ыстықта естен танып қалу да ғажап емес. 

- Тамақ пісіретін пешті ашып қалғанда бетіңізге ыстық ауа лап етеді ғой. Қазіргі аптапты дәл сол жағдаймен салыстыруға болады. Мен Кувейтте, Таяу Шығыста тұрғанмын. Алайда мына аптап ол елдердегі ыстықтан асып түсетін сияқты.

Жоғары ауа температурасына байланысты қазір АҚШ-тың 10 штатында орман өрті өршіп тұр. Әсіресе Орегондағы жағдай қиын. Мұнда Фермонт-Уинма ұлттық қорығы өртеніп жатыр. Тілсіз жау өңірдегі 80 мың гектар аумақты шарпыған. Ғалымдар бұл аномальді жағдай екенін айтады. Өйткені өңірде әдетте орман өрті тамыз-қыркүйек айларында тіркеледі екен. 

БЛИЦ

- Бұрын мұндайды тек жаңалықтардан көруші едік. Сонда байғұс адамдар деп оларға жанымыз ашитын. Енді өзіміз осындай жағдайға тап болдық.

- Биылғы маусымда осымен бірнеше рет орман өрті тіркелді. Сорақысы сол - бұл соңғы тілсіз жау болмайтын секілді. Кейінгі кезде табиғат апаттары жиілеп кетті.

Әлемнің бір бөлігінде тұрғындар ыстыққа шыдамай жатса, Жаңа Зеландия тұрғындарын керісінше күннің суығы әбігерге салды. Бүгін кей өңірде ауа температурасы минус 8 градусқа дейін төмендеген. Аяз бен көктайғақтан пойыздар тұралап, рейстер кейінге шегерілді.