Естелік банкноталар заңды төлем құралы болып табылады – Ұлттық банк

Естелік банкноттармен есеп айырыса беруге болады. Олар заңды төлем құралы. Ал қабылдаудан бас тартқандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ұлттық банк өкілдері атаулы күндер мен оқиғаларға арнап шығарылған банкноттар кәдімгі ақша ретінде қолданылатынын еске салады.

«Күлтегін». Біреу білсе, біреу білмес, айналымда дәл осы атаумен шығарылған естелік банкноттар бар. Номиналы 1000 теңге. Мәселенің туындауына да ақшаның осы түрі түрткі болып отыр. Яғни кей дүкендер оны қабылаудан бас тартады екен. Екі ортада амалы таусылған азаматтар Ұлттық Банкке шағымдана бастапты. 

Серікжан Майданов, ҚР ҰБ Қолма-қол ақша айналысы департаменті басқармасы басшысының орынбасары:

- Естелік банкноталар заңды төлем құралы болып табылады. Аталған банкноталар және одан да бөлек естелік банкноталар бар Ұлттық Банктің, барлығы төлем құралы болып табылады және барлық банктік операциялар және айырбастауға мүмкіндік бар ол банкноталарды.   

Ал енді оны  мейлі дүкенде болсын, автобуста болсын қабылдаудан бас тарқан жағдайда Ұлттық Банктің аумақтық филиалына арыз тастауға болады. Бұндай жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске сәйкес, ақшаны алмаған тарап жауапқа  тартылады. 

Серікжан Майданов, ҚР ҰБ Қолма-қол ақша айналысы департаменті басқармасы басшысының орынбасары:

- Ол кәсіпкерге бірінші рет 206-бапқа сәйкес ескерту жасалады және тағы да осындай жағдай қайталанатын болса, кәсіпкерге айыппұл қарастырылған. Үш түрлі кәсіпкерлер болып бөлінеді. Кіші, орта, үлкен. Айыппұл әрқайсысына әртүрлі. 50 АЕК дейін.

Айта кетейік, бұл ақша тозығы жеткенде ғана айналымнан алынады. Басқа жағдайда қолданыла береді. Естелік банкноттардың толық тізімімен Ұлттық Банктің сайтынан танысуға болады.

Аслан Қаженов, Аят Дүйсембаев