Юрико Коикэ: Олимпиада ойындары қауіпсіз өтеді

Юрико Коикэ: Олимпиада ойындары қауіпсіз өтеді

Токио Ковид-19 індетінің таралғанына қарамастан, Жазғы Олимпиада ойындарын қауіпсіз өткізе алады.

Бұл туралы Жапония астанасының губернаторы Юрико Коикэ мәлімдеді. Оның айтуынша, медицина жүйесі толық дайын және вакциналау науқаны қарқынды жүріп жатыр. 14 шілде күнгі есеп бойынша, Токиода 1 мың 149 адам ковидпен ауырған. Мың науқастан асатын көрсеткіш соңғы 2 айда алғаш рет тіркелді.

23 шілдедегі Жазғы ойындардың ашылу салтанатына 10 мың адам қатысады деп жоспарланған, бірақ Олимпиаданы ұйымдастыру комитеті қатысушылар санын қысқартуы мүмкін. 8 шілдеде әлемдік доданы көрерменсіз өткізу туралы шешім қабылданған. Сондай-ақ марапаттау рәсімінде спортшылар медальдарды мойындарына өздері тағады. Құшақтасуға да тыйым салынады.