Брексит, пандемия: Ұлыбританияда жұмыс күші жетпей жатыр

Коронавирус індеті өршіген кезде біліктілігі төмен қызметкерлердің көпшілігі елдеріне кетіп, қайтып оралуларына жаңа ережелер кедергі болған.

Мамандардың пікірінше, осылай жалғаса беретін болса, экономика әлсіреп, инфляция шарықтауы мүмкін. 

Пандемия кезінде британиялық пабтар мен мейрамханалар 200 мыңға жуық қызметкерінен айырылды. Індет күшейіп, бизнес тоқтаған сәтте олар Еуроодақ елдеріне қайтып кеткен. Енді кәсіпкерлердің 80 проценті аспаз бен даяшы таппай қиналуда. Бұл проблема тек қызмет көрсету ғана емес басқа да салаларға ортақ. Энтони Майрони – жеке кәсіпкер, пабтар мен мейрамханалардың ас үйлерін жөндеумен айналысады. Қазір кәсібін уақытша тоқтатып тастады. Өйткені қарамағында істейтін жұмысшылардың барлығы пандемия кезінде еліне кетіп, оралмаған.

Энтони Майрони, жеке кәсіпкер:

– Мен танитын кәсіпкерлердің барлығы қиналып жатыр. Еуропадан келіп, Лондонда мейрамхана және қонақ үй бизнесінде жалданып жұмыс істегендер тығырыққа тірелген соң туған жеріне қайтуға мәжбүр болды. Брекситтен кейін орала алмады.

2019 жылдың соңында азаматтығы жоқ 1,3 млн жұмысшы Ұлыбританиядан кетіп қалған. Енді олардың қайтып келуіне Еуроодақ құрамынан шыққаннан кейін қабылданған жаңа көші-қон ережелері кедергі. Оған сәйкес біліктілігі төмен мамандарға жұмыс визасы берілмейді.

Кейт Николлс, Ukhospitality қауымдастығының атқарушы директоры:     

– Көптеген сала басшысы бұл олқылықтардың орнын толтыру үшін визаның жаңа түрін енгізуді ұсынып жатыр. Тапшы мамандықтар тізімін үкімет қайта қарап, австралиялық үлгідегі виза жүйесін назарға алуы керек. Сол кезде біліктілігі төмен мамандар елде оларға деген сұраныстың артуына байланысты жұмыс істеуге мүмкіндік алады.

Ұлыбританияның ішкі істер министрлігі виза жүйесі бойынша қандай да бір пікір білдіруге асықпай отыр. Сондықтан кәсіпкерлердің әзірге ел ішіндегі жұмыс қолына үміт артуына тура келеді. Ал жергілікті тұрғындар болса, аз ақша төлейді деп жұмыс істемей, жәрдемақыға күн көріп отыр.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы