424,94 504.55 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Мәскеуде екпеден бас тартқандар жұмыстан шеттетілуі мүмкін

  • 104
  • UPD: 21:30, 15.07.2021

АҚШ-та соңғы уақытта екпе салдырмаған жастар мен балалардың ауруханаға түсуі жиілеп кеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандар жастарды вакциналау науқанына белсендірек қатысуға шақырып жатыр. Ал Мәскеуде бүгін қызмет көрсету және сауда саласындағы кәсіпорындарда тексеру басталды. Талап бойынша қызметкерлер 15 шілдеге дейін коронавирусқа қарсы екпенің кемі бір дозасын салдыруы тиіс.

***

Мекеме қызметкерлерінің екпе алғаны тексеріле бастады

Талап бойынша бүгін Мәскеудегі сауда, қоғамдық тамақтану және қызмет көрсету саласындағы кәсіпорындарда қызметкерлердің 60%-і коронавирусқа қарсы вакцинаның кемі бір дозасын алу керек. Ал 15 тамызға дейін олар екінші компонентті де қабылдауы тиіс. Сондықтан бүгін кәсіпорындарда тексеру басталды. Жеке кәсіпкерлер үшін айыппұл 50 мың рубльге дейін, ал ұйымдар үшін 300 мың рубльге дейін жетеді. Ереженің бұзылуы қайталанса, кәсіпорындар шамамен 3 айға қызметін тоқтатуға міндеттелуі мүмкін. Ірі айыппұл мен жабылып қалу қаупіне қарамастан мәскеулік кәсіпкерлер әлі біраз жұмысшылардың екпе салдырып үлгермегенін айтады. Сондықтан биліктен вакцинаны алуға міндетті жұмысшылар үлесін азайтуды сұраған. Алайда қала басшысы ешкімге де жеңілдік жасалмайтынын кесіп айтты.

Сергей Собянин, Мәскеу мэрі:

- Жұмыс берушілерге талап қойылды. Егер тиісті межеге қол жеткізе алмасақ, бар ауыртпалық сауда, қызмет көрсету және қоғамдық тамақтану саласындағы кәсіпкерлердің мойнына түседі. Олар өз беттерінше қызметкерлерінің вакциналауын ұйымдастыра алмаса, біз не істейміз? Мұның жауабы бір локдаун жариялаймыз.

Жазалау шаралары тек кәсіпкерлерге ғана қолданылмайды. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі қарсы көрсетілімдері болмаса да, екпе салдырудан бас тартқан қызметкерлер жұмыстан шеттетілуі мүмкін екенін хабарлады. Жалақысы да сақталмайды. Министрлік өкілдері мұндай шара еңбек кодексінің 76-бабында қарастырылғанын айтады.

***

АҚШ жастары екпе салдыруға енжар

Америкалық мамандар да тұрғындарды вакциналау науқанына белсенді қатысуға шақырып отыр. Олар әсіресе, жастарға алаңдайды. Өйткені қазір әлемнің көп елінде тез тарап жатқан «Дельта» штамын жұқтыру деректерінің көбі осы топқа тиесілі. Салдарынан кейінгі уақытта АҚШ ауруханаларында екпе алмаған жастар көбейген. Науқастардың жағдайы ауыр. Вакцина салдыруға ынталандыру үшін елде лотереялар мен сыйлықтар ойнатылып жатқаны белгілі. Танымал тұлғалар да жастарды белсенділік танытуға шақырды.

Оливия Родриго, актриса, әнші:

- Ақ үйде тұрып, сөз сөйлеу мен үшін үлкен құрмет. Мұнда жастар үшін вакциналаудың қаншалықты маңызды екенін айтуға келдім. Достармен жиналып немесе отбасымен бірге екпе орталықтарына барсаңыздар деймін. Қазір вакцина салдыру бұрынғыдан да жеңіл. Әлеуметтік желіде ақпарат толып тұр. Мұндай маңызды мәселеде бәріміз жауапкершілік танытайық.

***

Израиль тұрғындары қайтадан маска тағады

Израиль билігі де жастарды вакцина алуға үндеп жатыр. Мұнда қазір 12-ден асқан жеткіншектер екпе салдыра алады. Жалпы жергілікті билік коронавируспен күрес стратегиясы өзгеретінін айтты. Енді қатаң локдаун енгізбей, оның орнына сақтық шаралары мен вакциналауды насихаттауға көп көңіл бөлінеді. Сөйтіп, тұрғындар қайтадан жабық орында маска тағуға міндеттелетін болды. Негізі мамандар коронавирусқа қарсы екпе өз нәтижесін бере бастағанын айтады. Өйткені қазір індет жұқтыру деректері көп болса да, емханаларда жағдайы ауыр науқастар саны азайған екен.

Хабар 24 телеарнасы