Екпе алмағандардың баласы мектепке кіре алмайды – Қытай билігі

Қытайда бір жарым миллиард адам коронавирусқа қарсы екпе салдырған. Қазір әлемде вакциналау науқаны бойынша осы ел алда келеді.

Қытай билігі жыл соңына дейін екпенің екі дозасын да алған тұрғындардың үлесін 64 процентке жеткізуді көздеп отыр. Сондықтан халықты вакциналау науқанына белсендірек қатысуға шақырады. Бұл ретте кейбір провинциялардың басшылығы препарат қабылдамағандардың қоғамдық орындар мен мекемелерге кіруін шектейді. Мәселен, олар мейрамханаға, қонақ үй, аурухана, саябақ, қарттар үйі мен мектептерге жіберілмейді.

Мектеп демекші, Гуанси автономдық облысы мен Цзянси және Хэнань провинцияларының билігі отбасы мүшелерінің барлығы екпе салдырмаса, сол үйдің оқушылары сабаққа қатыспайтынын ескертіп отыр. Билік екпе бәріне жететінін айтады. Көрші елдің вакцина жасау бойынша бір жылдық өндірістік қуаты 5 миллиард дозаға жетті. Осы ретте қытайлықтар өзге елдерге де препарат жіберу бойынша ауыз толтырып айтатындай нәтижелерге қол жеткізгендерін айтады.  

Чжао Лицзянь, Қытай СІМ ресми өкілі:

Қытай 100-ден аса мемлекет пен халықаралық ұйымға 500 миллион доза вакцина жеткізді. Бұл бүкіл әлемде шығарылып жатқан екпенің алтыдан бірі. Біздің еліміздің коронавируспен күреске қосып жатқан үлесіне көбі жоғары баға беріп жатыр. Қытайлық екпе салдырып жатқан шетелдіктердің де пікірі осындай.

АҚШ-ТА ЕКПЕ АЛҒАН ОҚУШЫЛАР БЕТПЕРДЕСІЗ ЖҮРЕ АЛАДЫ

Қытайда туыстары екпе салдырмаған оқушылар сабаққа жіберілмейді десе, АҚШ билігі мектеп басшылығына балалар мен мұғалімдердің вакцина алған-алмағаны туралы ақпаратты талап етпеуге кеңес берді. Негізі елде қазір жасы 12-ден асқан жеткіншектер де екпе салдыра алады. Сондықтан Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының мамандары биыл күзде барлық мектептер ашылсын деген ұйғарымға келген. Олардың айтуынша, вакцина салдырған оқушылар мен ұстаздарға бетперде кимесе де болады. Ара қашықтық сақтаудың да қажеті жоқ дейді. Негізі қазіргі талап бойынша білім беру мекемелерінде парталар арасында бір метр қауіпсіз қашықтық болу керек. Сонда «оқушыларды отырғызар кезде қайсысында екпе бар, қайсысы әлі салдырмады деген тексеру қиындық тудырады» деген пікірлер айтыла бастады.

Эрин Заубер-Шац, АҚШ Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының өкілі:

– Жаңартылған ұсыным бойынша, екпенің екі дозасын да алғандарға мектеп ішінде бетперде кимеюіне болады. 1 метр ара қашықтық да сақтамаса рұқсат. Алайда мектеп басшылығына оқушылар мен қызметкерлерінің вакциналау статусын тексеру қиынға соғатынын түсініп отырмыз. Сондықтан кейбір білім беру мекемелері барлығының бетпердемен жүруін талап етуі мүмкін. Бұған түсіністікпен қарауымыз керек. Қалай болғанда да биыл күзде мектептердің барлығы ашылуға тиіс.

ИТАЛИЯЛЫҚ ОҚУШЫЛАРДЫҢ БІЛІМІ ТӨМЕНДЕГЕН 

Иә, америкалық мамандар дәстүрлі оқуға ештеңе жетпейтінін айтады. Италиялықтардың да пікірі осыған саяды. Өйткені білім беру жүйесін бағалау жөніндегі ұлттық институттың нәтижелері көңіл көншітпейді. Бұл мекеме жыл сайын оқушылар арасында итальян тілі мен математика бойынша жазбаша тексеру жүргізеді. Биылғы шара,,,пандемия балалардың білімінің төмендеуіне әкеп соқтырғанын көрсеткен. Коронавирусқа қарамастан мектептегі оқуын үзбеуге тырысқан бастауыш сынып бүлдіршіндердің жұмыстарына жақсы баға берілген. Ал біраз уақыт онлайн оқуға мәжбүр болған орта мектеп оқушыларының 39 проценті итальян тілінен, ал шамамен жартысы - математикадан қажетті баллдарды жинай алмаған екен.

 

 

 

 

 

 

Сондай-ақ...