Түркияда сел мен лай көшкінінен қаза тапқандар саны артты

Соңғы мәлімет бойынша табиғи апаттан 6 адам опат болған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Іс-түзсіз жоғалып кеткен 2 тұрғын әлі табылған жоқ. Аймақта іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Айта кеткен жөн, елдің Қара теңіз аумағындағы Ризе провинциясында бірнеше күннен бері жаңбыр толастамай тұр. Нөсер салдарынан лай көшкіні болып, бірқатар үйлер үйіндінің астында қалып қойды. Жүзден астам елді мекенде жолдар жабылды. Ауылшаруашылық өнімдеріне едәуір нұқсан келді. Қазір оқиға орнында жүзден астам құтқару тобы жұмыс жасап жатыр.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

- Шығыс Қара теңіз аймағында осындай табиғи апаттар жиі болады. Өйткені аумақ еліміздің ең көп жауын-шашын түсетін жері. Оның үстіне Ризе халқының басым бөлігі шай өсіреді. Шай өсімдігінің ерекшелігі сол, топырақ балшыққа айналады. Оның тамыры терең болмағандықтан төменге жылжи береді. Бұрын егін алқаптарының арасында ағаштар болатын. Осындай жағдайлардың қайталанбау үшін бар күшімізді жұмылдырамыз.