Грузияның шығысында бірегей жәдігерлер табылды

Археологтар Грузияның шығысында бірегей жәдігерлер тапты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тбилисиден небәрі 70 шақырым қашықтықта ғалымдар ежелгі қорғанды қазып қопарды. Бұл оба осыдан 4 мыңдай жыл бұрын Кавказ өңірін мекендеген ежелгі Триалет мәдениетіне жатады. Оның ішінен алтын бұйымдар табылды.

Юлия Тужилкина, тілші:

- Бұл қорған көптен бері археологтардың қызығушылығын тудырып жүрген еді. Алайда зерттеуді бастап кетуге қаражат пен уақыт тапшылығы қолбайлау болатын. Ақыры мамандар дайындалып, жұмысқа кірісіп кетті. Нәтижесінде үлкен олжаға тап болды. Осыдан 4 мың жыл бұрын бұл обада адамды жерлеген. 3 метрден асатын тереңдіктен табылған қабір үстіне тас үйілген. Тіпті өгіз жегілген арбаның ізі де қалыпты.

Дмитрий Нариманишвили, Самшвилде мен Клдекари тарихи-архитектуралық мұражай-қорықтың директоры:

- Тамаша олжа. Бірегей қорған тас пен топырақ үйіндісінен құралған. О дүниеге жеткізетін арба түрінде ойылған. Обаның өзінде сирек кездесетін алтын бұйымдар таптық.

Осы алқапта тағы да бірнеше шағын қорған бар. Кейін оларды да қазу жоспарда бар. Ал әзірше археологтар сол дәуірге жататын елді мекенді зерттеп жатыр.

Дмитрий Нариманишвили, Самшвилде мен Клдекари тарихи-архитектуралық мұражай-қорықтың директоры:

- Алғаш рет Триалет мәдениетіне жататын қорған мен елді мекенде бір мезгілде қазба жұмыстары жүріп жатыр. Олар осы үйде тұрып, қайтыс болған туыстарын осындай қорғандарда жерлеген. Мынау ұн жасау үшін қолданылған тас бұйым. Аяқтары обсидианнан жасалған. Ал керамикасы қорғанда табылған заттардан айнымайды.

Ежелгі бейітте 15 сауыт, кубок және өте жіңішке алтын моншақ табылды. Алайда мамандар жерленгеннен кейін шамамен 50 жыл өткенде қорғанды тонап кеткен деп болжам жасап отыр. Құнды заттардың көбі сол кезде қолды болған. Тіпті қабірді бұзған жерде ізі де қалған, жынысының түсі де өзгеше. Ал біздің күнге жеткені Грузия ұлттық мұражайының ғылыми зертханасына тапсырылды.

Нино Кебуладзе, Грузия ұлттық мұражайы археологиялық және этнографиялық нысандар зертханасының меңгерушісі:

- Мұндай жәдігерлерді тауып алғанымыз керемет оқиға. Енді мыңдаған жыл бойы жерде қойнауында жатқан бұл заттарды сақтап қалу керек. Өйткені оларды шығарғанда, бірден бүліне бастайды. Соны тоқтату қажет. Сондықтан ең алдымен қалпына келтіріп, консервациялаймыз. Ал сосын ғылыми зерттеу өтеді.

Қазірдің өзінде алтын бұйымдардың құрамы белгілі болды. Кейбірі алтын мен күміс қоспасы, ал кейбірі 90% алтыннан тұратын күрделі қорытпалар. Алтын бұйымдардағы қолмен жасалған түйіршіктер таң қалдырады. Грануляция деп аталатын бұл тәсіл әдетте одан кейінгі дәуірлердің бұйымдарында кездесетін. «Табылған олжа Кавказдағы Триалет мәдениеті тарихының сырын ашуға үлкен мүмкіндік береді», - дейді мамандар.

Авторы: Юлия Тужилкина