Токио-2020: Олимпиадаға қатысушылар арасында вирус жұқтырғандар көбейді

Жапониядағы Олимпиада ауылында коронавирус жұқтыру дерегі тіркелді.

Токио олимпиадасының ашылуына бір аптадай уақыт қалды. Бірақ бір жыл кешігіп келген спорттық ойындарға тағы қауіп төнді. Себебі, шараға қатысушылар арасында коронавирус жұқтырғандар көбейіп келеді. Енді дерт кесірінен, сайысқа түсетін спортшылар азайып, жарыстың сәні кете ме деген мәселе туды. 

Токиода шетелдік спорт делегациялары орналасқан Олимпиада ауылында коронавирус жұқтыру дерегі тіркелді. Шараны ұйыдастырушы комитеттің мәлімдеуінше «Ковид-19» шетелдік делегация мүшелерінің бірінен анықталды. Комитет басшысы дертті қай елдің өкілі жұқтырғанын ашып айтпағанымен, оның спортшы емес екені белгілі болды. Науқас өзге қонақ үйге оқшауланған. Жауаптылар олимпиада ауылындағы санитарлық қауіпсіздікті сақтау үшін бар күшімізді саламыз деп отыр

Тоширо Муто, Олимпиада-2020 ұйымдастыру комитетінің бас директоры:

– Коронавирустың таралуын болдырмас үшін көптеген шара қабылдадық. Спортшылар күн сайын тест тапсырып, тексерістен өтеді. Дертті жұқтырғандар анықталса, бірден оқшауланып, байланысқа түскен адамдар анықталады. Ойындардың қауіпсіз өтуі үшін барлық сақтық шаралары қабылданған.

Жалпы шілде айының басынан олимпиада ойындарына қатысы бар 45 адамнан коронавирус анықталды. Оның ішінде Австралия, Израиль, Сербия, Уганда елінің спортшылары бар. Тәртіпке сай, дертке шалдыққандар екі апталық карантиннен өтуі тиіс. Сондықтан кей спортшылар сайыс басталғанға дейін оқшаулаудан шықпай қаламыз ба деп алаңдайды.

Томас Бах, Халықаралық олимпиада комитетінің президенті:

– Токиодағы Олимпиада ойындарының сәтті өтуі үшін қатысушылардың барлығы коронавирусқа қарсы қауіпсіздік шараларын сақтауы тиіс. Халықаралық Олимпиада комитеті спортшылар мен өзге де адамдардың бұл талапты орындауына мүмкіндік жасайды. 

Жапония астанасында эпидемиологиялық ахуал нашарлай түскен. Шілденің 12-сінен бастап қалада төтенше жағдай енгізілді. Шаһарда Олимпиаданы өткізуге қарсы наразылық шаралары жиі өтіп жатыр.

Шеруші:

– Соңғы 3 күнде Токиода күн сайын 1 мыңнан аса адам вирус жұқтырып жатыр. Індеттен көп адам қайтыс болды. Үкімет қаржыны олимпиаданы өткізуге емес, вирустың таралуын тоқтатуға жұмсауы керек еді.

Індетке байланысты бірнеше ай бұрын шетелдік жанкүйерлердің келуіне тыйым салынған. Ал өткен аптада Токио мен оған көрші префектуралардағы сайыстарға жергілікті жанкүйерлерді де кіргізбеу туралы шешім шықты. 

Авторы: Дәурен Ақашұлы