Португалияда әуежайдағы ереуілден 200-ден аса рейс ұшпай қалды

Португалияда әуежай қызметкерлері ереуілге шығып, 200-ден астам ішкі және сыртқы рейс ұшпай қалды.

Салдарынан әуежайларда ұзын-сонар кезек пайда болған. Жолаушылар рейстерін ауыстырып, билеттерін қайта өткізу үшін бірнеше сағат күтуге мәжбүр. Ал ереуілшілер биліктен жалақыны өсіріп, уақытылы төлеуді талап етіп жатыр. Наразылық акциясы ел астанасы Лиссабон қаласындағы әуежайдан бөлек Порту, Фару сынды тағы бірнеше қалада жүрді.

– Біз ұшақ жерге қонған соң 1 жарым сағат сыртқа шыға алмай отырдық. Енді, міне, әуежайдың ішінде кезекті рейсті күтуге мәжбүрміз. Кеше тест тапсырған едім, мерзімі аяқталып барады. Оның үстіне мында вирус жұқтырып аламын ба деп алаңдаймын.

– Иә біз екпе алғанбыз. Мен ереуілшілердің талабын түсінемін. Бірақ қазіргідей індет жайлаған кезде олар да жағдайға қарау керек еді ғой.