АҚШ-та қарулы қылмыс саны артты, халық көшеге шыға алмай отыр

АҚШ-та жыл басынан бері 24 мыңнан астам атыс оқиғасы тіркеліпті.

Қылмыстың бұл түрі күннен күнге өршіп барады. Жағдайдың ушыққаны соншалық Нью-Йорк губернаторы өткен аптада төтенше жағдай жариялады.

Осы аптада Нью-Йорктың Бронкс ауданында тағы бір жантүршігерлік оқиға болды. Белгісіз біреулер түскі сағат үштердің шамасында 13 жасар жасөспірімге тапаншадан оқ атып, бірнеше жерінен жарақаттады. Жергілікті қылмыстық топтың құрбанына айналған қыршындай жас ауруханаға жетпестен қайтыс болды.

Қайғылы оқиға біз тұрған Бронкс ауданының орталық көшелерінде болды. Қаланың бұл бөлігі Нью-Йорктың ең қауіпті үш ауданының бірі болып саналады.

Адам тонау, ұрлық немесе кісі өлтіру күнделікті орын алатын қылмыстың бір сыпырасы ғана. Полиция өкілдерінің айтуынша, ауданның кейбір көшелеріне, әсіресе, түнгі уақытта бас сұғудың өзі өміріңіз үшін қауіпті болуы мүмкін.

Жергілікті полиция басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері қалада 803 атыс оқиғасы тіркеліп, салдарынан 931 адам зардап шекті. Атыс қаруымен жасалатын қылмыстың күрт өсуіне байланысты Нью-Йорк губернаторы Эндрю Куомо штат аумағында төтенше жағдай жариялады.

Эндрю Куомо, Нью-йорк штатының губернаторы:

– Біз ковид эпидемиясын жеңгендей болып едік, енді, міне, тағы бір эпидемияға тап болып отырмыз. Ол қару-жарақпен жасалып жатқан қылмыс эпидемиясы. Салдарынан халық жұмысқа баруға және көшеге шығуға қорқып отыр. Бұл мәселені бірігіп шешуіміз керек.

Штат басшысы аталған проблеманы шешу жолына 139 млн доллар бөлінетінін мәлімдеді. Сонымен қатар қосымша 21 мың жаңа жұмыс күші тартылатыны белгілі болды. Алайда тәуелсіз сарапшылар мәселенің төркіні қаржыландыру мен жұмыс күшінің жетіспеушілігінде емес, жүйелі реформалардың жүргізілмеуінде екенін айтады. 

Боб Ганжи, Полицияны реформалау ұйымының директоры:

– Губернатордың мұндай мәлімдеме жасап, қылмысты эпидемияға теңеуі орынсыз. Нью-Йоркте жасалатын қылмыстың саны қашан да жоғары болған.

Қоғам белсендісі әрі полицияны реформалау ұйымының басшысы Боб Ганджидің айтуынша, губернатордың мәлімдемесі қылмыстың анау айтқандай өскендігінен емес, өзінің жеке мүддесін қорғаудан туындап отырған әрекет болып отыр. Айтуынша, штат басшысы халық алдында өзінің саяси беделін арттыруды көздеп отыр.

Боб Ганжи, Полицияны реформалау ұйымының директоры:

– Губернатордың кенеттен белсенді болуы түсінікті. Сайлау келе жатыр дегендей. Бұл мәселені шешуге миллиондаған қаржы бөлудің қажеті жоқ. Бұл жүйелі проблема. Билік халықтың жағдайын жақсартып, тұрғын-үй бағдарламаларын қолжетімді етуі керек. Сонда ғана қылмыс азаяды.

Ресми дерек бойынша, жыл сайын қарудан 40 мыңға жуық америкалық қайтыс болады. Арасында кәмілетке толмағандары қаншама. Әсіресе латын және қара нәсілді аудандарда тұратын балалардың атыс құрбаны болуы ақ америкалықтармен салыстырғанда 10 есе жоғары екен. Бұл бір ғана губернатордың емес, тұтас Конгрестің алайдайтын мәселесі дейді мамандар. 

Авторлары: Талғат Алманов, Ринат Садыров