Үндістанда лай көшкінінен 20 адам көз жұмды

Үндістанның Мумбаи қаласында толассыз жауған жаңбырдан лай көшкіні жүріп 20 адам опат болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қайғылы оқиға қаланың Махул деп аталатын кедейлер тұратын ауданында болып, таудан аққан лай-батпақ 17 адамды басып қалды. Ал Вихрали ауданында лай көшкіні жотадағы он шақты үйді шайып кетіп, 3 адам көз жұмды. Тағы оннан аса кісі жоғалып кетті. Апат аймағында іздестіру-құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Үндістанда маусым мен қыркүйек айлары жаңбырлы маусым мезгілі саналады. Осы уақытта елде су тасқыны мен лай көшкіні жиілеп, жыл сайын мыңдаған адам жапа шегеді.