Германияның батысында су тасқынынан қаза тапқандар саны156-ға жетті

Германияның батысындағы жаңбыр мен су тасқынынан қаза тапқандардың саны артып, 156-ға жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тағы жүздеген адам жоғалып кетті. Табиғи апат аймағында іздестіру-құтқару жұмыстары әлі жүріп жатыр. Тасқын жүрген елді мекеннің бәрі лай-батпақ пен тал-тасқа толған. Тас жолдар мен көпірлер қирап, қатынас қиындаған. Таза су мен электр энергиясы жүйесі істен шығып, телефон байланысы үзілген.

Фридрих, тұрғын:

- Тасыған су деңгейі 2 метрлік үйіміздің төбесінен асып, баспанамыз көрінбей қалды. Су қайтқан соң үйімізге кіріп едік, барлығы лай-батпаққа толып қалыпты. Айналамыздағы басқа адамдардың жағдайы да осы. Көп адам баспанасыз қалды.

Тасқыннан зардап шеккен елдің бірі - Нидерландта қауіпсіз жерге көшірілген мыңдаған адам қоныстарына орала бастады. Алайда мұнда да көп елді мекенді су басқан. Табиғи апаттан жапа шеккендер туралы ақпар жоқ. Қазір қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.