424,15 504.60 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркияда құрбан айтқа байланысты демалыс жарияланды

  • 52
  • UPD: 12:25, 19.07.2021

Түркияда құрбан айтқа байланысты тоғыз күндік демалыс жарияланды. Бұл шешім үкіметтің кеңейтілген отырысында қабылданды. Бір жарым жылдан бері жарияланған ең ұзақ демалысты халық қайда өткізбек? Мұның ел экономикасына әсері қалай болмақ? 

Құрбан айт қарсаңында барлық түрік әуежайлары мен автовокзалдарында қарбалас. Өйткені пандемия басталғалы ресми мерекеде алғаш рет қалааралық қатынасқа рұқсат етілді. Халық әдетте бұл күнде алыстағы ағайын мен туған-туыстарын аралайды. Сондықтан жергілікті тасымал компаниялары қосымша рейстерді арттырып отыр.

Тоғыз күндік демалысты есептеп, айлар бұрын билет алып қамданғандар бар. Жоспарсыз жолға шыққандар да жеткілікті.

Энгин-Вахиде Акпынар, тұрғын:

- Соңғы сәтте жолға шығуға шешім қабылдадық. Әрине билет табылған жоқ. Көлік жалдап келдік. Бұл жолғы демалыс қымбатқа түсетін секілді.

Меруерт Қанағат, тілші:

- Тоғыз күндік демалыс әсіресе туризм саласындағы кәсіпкерлерді қуантты. Түркия саяхат агенттіктері одағының мәлімдеуінше, құрбан айтта 10 миллион кісі саяхат етіп, 10 миллиард лира кіріс келмек. Бұл күндерде қонақүйлердің денінде бос орын жоқ.

Экрем Аян, қонақ үй директоры:

- Биыл құрбан айттың шілде айына сәйкес келуі бәріміз үшін жақсы болды. 1,5 жылдан бері пандемия салдарынан азаматтар бірінші рет демалыста шықты және жаппай екпенің жүруінің аясында калыпты өмірге орала бастадық. Қызмет саласындағы біздер бұл күнді сағына күттік.

Файк Динч, турист:

-  Жақын әрі қауіпсіз болғаны осы жерге келдім. Әрине бірінші отандық туризмді жандандыру міндет. Сол үшін алдымен өз елімді жарылқап, түрік курорттық жерлеріне келдім.

Кутылай Берк, демалушы:

-  Былтыр мектепке де бармадық. Теңізге де. 3 күннен бері шомылып жүрмін. Өмірдің қадірін түсінгендеймін.

Бұл күндерде қалааралық автожолдар мен көпірлерде көлік қатынасына ақы алынбайды. Қоғамдық көліктердің дені тегін тасымалдайды. Дегенмен, жылда сауда үйлеріндегі тауарлар арзандап, тұрғындарға қолайлы баға ұсынатын. Биыл пандемия салдарынан бұл жеңілдік жоқтың қасы. Ал 10 миллиондық көштің қауіпсіздігін 226 мың полиция және жандармия қызметкері қамтамасыз етеді. 

Меруерт Қанағат

Хабар 24 телеарнасы