Құрама Штаттарда дельта штамымен ауырғандардың саны күрт артты

АҚШ-тың ауруларды бақылау және алдын алу орталығының мамандары вакциналаудың қарқыны төмендегенін айтып, халықты екпе алуға шақырды. Елдің кейбір штаттарында дельта штамымен ауырғандардың саны күрт өсіп келеді және ауруханаға түскендердің көрсеткіші 31 процентке артты.

Талғат Алманов, тілші:

- АҚШ-тағы эпидахуал қайтадан ушығып келеді. Елдің барлық штатында қатерлі індетпен ауырғандардың саны артуда. Бұл алты айдан бері болмаған көрсеткіш дейді мамандар. Ал 31 штатта дельта штамымен ауырғандардың саны өткен аптамен салыстырғанда 50 процентке өсіп отыр. Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының мәтіметінше, ковидпен ауырғандар мен ауруханаға түскендердің дені вакцина алмаған американдықтар екен. Сәуір айынан бері екпе егу қарқыны 85 процентке төмендеген. Ол кезде тәулігіне 3 млн 400 мыңға жуық доза шығарылса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 520 мың төңірегінде. 

Милена Миллер, дәрігер:

- Менің бөлімімде жатқан науқастардың барлығы вакциналанбағандар. Және ауруханамызда жатқандардың көбі жансақтау бөлімінде жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Пандемия басталғалы осыншама көп адамның ауруханаға түскенін көрмедім. Халық қазіргі жағдайдың қаншалықты қиын екендігін түсініп жатқан жоқ сияқты. 

Вакциналау қарқынының бәсеңдеуіне бірнеше фактор әсер етіп отыр. Соның бірі әлеуметтік желілердегі жалған ақпараттың таралуы дейді сарапшылар. Дәлірек айтқанда, «Джонсон энд Джонсон» вакцинасының «Guillain barre» атауымен белгілі неврологиялық синдромның асқынуына алып келеді» деген қауесет шындыққа жанаспайды» дейді сала мамандары. Айтуларынша, ковид вакцинасы ондай ауруды туғызады деген нақты дәлел жоқ. Президент Байденнің өзі осындай жалған ақпарат таратып жатқан әлеуметтік компанияларды сынға алды.

Джо Байден, АҚШ Президенті:

- Олар адамдардың өліміне себепкер болып жатыр. Вирус әсіресе  вакцина алмағандарға жұғып жатыр. Яғни қайғылы жағдайға солар кінәлі.

Естеріңізде болса, Ақ Үй басшысы шілденің басына дейін 70 процент американдықты вакциналауды діттеген еді. Қазір американдықтардың 48 проценттен астамы ғана немесе 160 млн адам толықтай вакциналанған. Сарапшылардың айтуынша, маска тағу  мен вакцина алуға деген немқұрайлық індетті жеңуге қиындық тудыруда. Осы уақытқа дейін АҚШ халқының 34 млн ковид індетін жұқтырып, 600 мыңы қайтыс болды.

Талғат Алманов, Ринат Садыров

Сондай-ақ...