Меккедегі қажылыққа сырттан келетін шетелдіктер кіргізілмеді

Меккеде коронавирусқа қарсы вакцина салдырған мұсылмандар қажылықты өтеп жатыр. Исламның бесінші парызын орындауға биыл 18 бен 65 жас аралығындағы 60 мың адамға рұқсат етілген. Олар Сауд Арабиясының жергілікті азаматтары мен осы елде тұрып жатқан шетелдіктер. Сырттан келуге ел билігі тыйым салған.

Меккеде карантинге байланысты қажылық жасаушылар өте аз болғанымен жаңалық көп. Қағба орналасқан Әл-Харам мешіті күніне 3 рет зарарсыздандырылады. Зәм-зәм суын роботтар таратып жүр. Сондай-ақ жүріп ұру үшін 3 мың электр көлігі бөлінген. Бетперде тағу және арақашықтықты сақтау қатаң талап етіледі. Әр адамның жеке жайнамазы болуы керек.

Мұхаммед Номан, Палестина азаматы:

- Аллаға шүкір, өмірімде бірінші рет қажылық парызын өтеп жатырмын. Бағым бес елі екен. Бұл жерде қазір бәрі басқаша. Барлық жағынан жақсы ұйымдастырылған. Арафат күнгі амалдарымызды жалғастырамыз.

Адамдар топталмас үшін арнайы ұялы қосымшамен бақылау жасалады. Қажет кезде жедел медициналық көмек көрсетуге жарты мыңдай ерікті дайын тұр. Билік қатаң қауіпсіздік шараларына қарамастан бірнеше рет заң бұзылғанын айтады.

Талал Әл-Шалхуб, Сауд Арабиясы ішкі істер министрлігінің қауіпсіздік жөніндегі өкілі:

- Арнайы рұқсат алмаған адамдар қажылық жасауға жіберілмейді. Бүгінге дейін 147 азамат пен тұрғын қасиетті орындарға баруға әрекеттенген.

Сауд Арабиясының бюджетіне қажылықтан жыл сайын 12 миллиард доллар құйылатын. Соңғы 2 жылда келушілер саны күрт қысқарды. Бүгін 60 мың адам Арафат тауына барып, тәу етуі тиіс.

Ернат Қашқынов