БАӘ және Сауд Арабиясында жаңбыр тоқтамай жатыр

Шартарапты коронавирус індеті алқымнан алғаны аздай, соңғы уақытта табиғи апаттар да жиілей түсіп, әлем халқын одан сайын әбігерге салды.

Дүниенің түкпір-түкпірінде нөсер жауын, екпінді жел мен алапат орман өрті секілді табиғат құбылыстары өршіп тұр.

Біріккен Араб Әмірліктері мен Сауд Арабиясында жасанды жолмен жауған жаңбыр соңы су тасқынына ұласты. Қолайсыз ауа райы ғалымдар электр зарядтары арқылы жаңбыр жаудыру үшін аспанға дрондар жібергеннен кейін болған. Әйтпесе Біріккен Араб Әмірліктерінде жазда мүлде жауын түспейді. Қыс пен көктемде де жаңбыр аз жауған.

ТОКИО-2020: СПОРТШЫЛАР АПТАП ЫСТЫҚҚА ДАЙЫН БОЛУЛАРЫ КЕРЕК

Өз кезегінде Токиодағы олимпиада ұйымдастырушылары спортшылар мен шараға қатысушыларды аптап ыстыққа дайын болуға шақырып жатыр. Айтуларынша, дүбірлі доданың салтанатты ашылу рәсімі алдында Жапония астанасында күн қатты ысиды. Осыған байланысты ұйымдастырушылар азаматтарға өзімен бірге су алып жүруге кеңес берді. Ауа райының қолайсыздығына байланысты кейбір спорт түрі елдің солтүстігінде орналасқан Саппоро қаласында өтеді.

ӨРТ КЕСІРІНЕН ЖҮЗДЕГЕН ТҰРҒЫН КӨШІРІЛДІ

Айдарды бірден Америка құрлығынан бастасақ. Себебі бұл жерде әлі күнге дейін орман өрті дес бермей тұр. Мысал ретінде, АҚШ-тың Калифорния штатын алайық. Аталған өңірде қызыл жалынның күш алғаны сонша, іргелес Невада штатымен байланыстыратын тас жол жабылып қалды. Бұдан бөлек, жүздеген тұрғын шұғыл түрде қауіпсізге жерге көшірілді. Өйткені өрт осы уақытқа дейін 21 мыңнан астам гектар орман алқабын жалмап,  ондаған үйді күлге айналдырып үлгерген.

Ал Канаданың батысындағы Калгари қаласында орман өртінен шыққан улы-газды түтіннен ауа сапасы нашарлап кеткен. Көру мүмкіндігі де айтарлықтай төмендепті. Канаданың қоршаған ортаны қорғау министрлігі кеше осындай мәлімдеме жасады. Альберт провинциясындағы орман өртін ауыздықтау әлі де мүмкін болмай тұр. Билік өкілдерінің айтуынша, 5 өрт ошағы бақылаудан шығып кеткен.           

 

СУ ТАСҚЫНЫНЫҢ САЛДАРЫ

Жалпы, от пен суды бұрыннан тілсіз жауға телитініміз бекер емес. Шындығы сол, соңғы жылдары өрт құшып, суға кетіп, қаза тапқандар жайлы жиі еститін болдық. Мұның себебін бір жағынан, жыл өткен сайын жиілеп бара жатқан табиғат құбылыстарымен байланыстыруға болады. Мамандардың сөзіне сенсек, соңғы 20 жылда әлем бойынша 10 мыңнан астам табиғи апат тіркелген. Салдарынан жүздеген мың адам көз жұмыпты. ((ВИДЕО)) Дәл осындай табиғи апаттың бірі тақауда Бельгия жерінде ойран салды. Шіліңгір шілдеде ел аумағында аяқ-астынан ауа райы бұзылып, толассыз жаңбыр жауды. Сөйтіп оның арты тасқын суға ұласып, бірнеше елді мекен су астында қалды. Ағыс қатты болғаны сонша, Пепенстер шаһарында тасқын көліктерді ағызып, ондаған үйді тас-талқан еткен. Аймақта электр сымдары үзіліп, 40 мың тұрғын жарықсыз қалған. 30-ға жуық азаматтың опат болғаны белгілі. Тағы ондаған кісі із-түссіз жоғалып кеткен.

Филипп Годен, Пепенстер қаласының мэрі:

– Қалада судың деңгейі 2 жарым метрге дейін көтеріліп тасқын бірнеше сағат бойы жүрді. Ағын су жолындағының бәрін тас талқан етті. Бірде бір бүлінбеген үй қалмады. Дүкендер жұмыс істемейді. Мұндай апатты ешқашан көрген емеспіз.

Шелектеп құйған жауыннан Нидерланд та қатты зардап шекті. Су тасқынына байланысты тұрғындардың қауіпсіз жерге көшуіне тура келді. Қазір апат аудандарында мамандар тасқын салдарымен күрес жүріп жатыр. Әзірге жапа шеккендер туралы ақпар жоқ. Өз кезегінде билік өкілдері шығын көлемін есептеуге кірісті.

СУ ТАСҚЫНЫНАН 156 АДАМ ҚАЗА ТАПТЫ

Көршілес Германия да айтып келмес апаттың алдын алуға кіріскен. Себебі бұл елдің батысында алапат сел жүрді. Сөйтіп 156 адам бақилық болды. Жүздегені ізім-ғайым жоғалып кеткен. Осыған байланысты қазір іздестіру-құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Тасқын жүрген елді-мекеннің бәрі лай-батпақ пен тал-тасқа толған. Тас жолдар мен көпірлер қирап, қатынас қиындаған. Таза су мен электр энергиясы жүйесі істен шығып, телефон байланысы үзілген.

Фридрих, тұрғын:

Тасыған су деңгейі 2 метрлік үйіміздің төбесінен асып, баспанамыз көрінбей қалды. Су қайтқан соң үйімізге кіріп едік, барлығы лай-батпаққа толып қалыпты. Айналамыздағы басқа адамдардың жағдайы да осы. Көп адам баспанасыз қалды.

ҮНДІСТАНДА ЛАЙ КӨШКІНІНЕН 20 АДАМ ОПАТ БОЛДЫ

Жер бетінде болатын үдерістердің бірі Үнді жерінде де тіркелді. Бұл елде қатты жаңбырдан кейін лай көшкіні жүрді. Соның салдарынан 20 кісі қайтыс болды. Анықталғандай, Мумбайдың Махул ауданында таудан аққан лай-батпақ 17 адамды басып қалған. Ал Вихрали ауданында лай көшкіні жотадағы он шоқты үйді шайып өтіп, 3 кісінің өмірін жалмапты. Қазір қалада іздестіру-құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Үндістанда маусым-қыркүйек айлары аралығы жаңбырлы маусым мезгілі саналады. Осы уақытта елде су тасқыны мен лай көшкіні жиілеп, жыл сайын мыңдаған адам жапа шегіп жатады.