Ұлыбританияда бүгіннен бастап шектеу шаралары алынды.
Енді тұрғындарға маска тағып, әлеуметтік қашықтық сақтамаса да болады. Түнгі клубтар, театр мен стадиондар келушілерді қабылдайды. Қашықтан жұмыс істегендер кеңсеге оралады. Ал вакцинаның екі дозасын алған британдықтар шетелден қайтып келгенде, карантиннен босатылады. Ұлыбританиядағы бұл локдаун Еуропадағы ең ұзақ шектеу шарасы болды. Қаңтардың басында енгізілген карантин маусымның аяғында алынып тасталуы тиіс еді. Алайда коронавирустың дельта штамына байланысты бұл шешім кейінге шегеріліп, билік екпе салу науқанын күшейтті. Қазір Ұлыбритания Еуропа бойынша вакциналау қарқыны жағынан алда келе жатқан елдердің бірі саналады. Локдаунның алынуын асыға күткен жұрт 19 шілдені «Еркіндік күні» деп атап кетті.
– Еркіндік күніне де жеттік-ау әйтеуір. Қуанышымызда шек жоқ.
– Менің билегім келеді. Жанды дауыстағы концертте болмағалы қай заман. Мұның бәрін қатты сағынып қалдық.
Алайда биліктің шешіміне барлығы бірдей қуанып жатқан жоқ. Кейбір саясаткерлердің пікірінше, шектеу шараларын алып тастау асығыстық болды. Ал маскасыз жүруге рұқсат беру тіптен ақылға қонымсыз шешім дегендер де табылды. Олардың алаңдауы бекер емес. Соңғы күндері корольдікте вирус жұқтыру деректері 50 мың шамасында тіркеліп отыр. Мамандар «дельта штамына қатысты жағдай бақылаудан шығып кетсе, тәуліктік өсім 100 мыңнан асып кетуі мүмкін» дейді. Халық арасында да алаңдаушылық танытып жатқандар көп.
– Билік шектеу шараларын алып тастап, тым асыққан сияқты. Премьер-министрге ірі бизнес тарапынан қысым жасалған болуы керек. Жеке өз басым маска тағу тәртібін қалдыру керек еді деп ойлаймын. Бүгін бетпердемен жүргенімді көріп сыртымнан күлгендер болды. Алайда маған денсаулығым маңызды.
– Ғалымдар алдағы уақытта тәуліктік өсім 100 мыңнан асатынын болжап отыр. Сондықтан жағдай алаңдатарлық. Мен бұрынғыдай сыртта маскамды шешпей жүре беремін.