Әлем елдері Құрбан айтты қалай атап өтіп жатыр?

Әлем елдері Құрбан айтты осымен екінші жыл пандемия кезінде атап өтуге мәжбүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Вирус одан бетер ушығып кетпеу үшін Санкт-Петербургте мешіттер жабық болады. Үндістанның да біраз аймағы осындай шешім қабылдаған. Ал осы елмен көрші жатқан Бангладеште керісінше, кісі өлімі жоғары болса да, билік бұл күндері шектеу шараларын уақытша жеңілдетуді ұйғарған. Әлем елдері Құрбан айтты қалай тойлап жатыр?

Бангладеште коронавирустың өршуіне байланысты айдың басында қатаң карантин жарияланып, тіпті қоғамдық көліктің өзі қатынамайтын болған. Алайда Құрбан айтқа орай шектеу шаралары бір аптаға жеңілдетілді. Бірақ биліктің бұл шешімі қатаң сынға ұшырады. Өйткені кісі өлімі әлі көп. Бір күнде шамамен 200 адамнан қайтыс болып жатыр. Тәуліктік өсім 11 мың шамасында. Мамандардың пікірінше, Құрбан айтқа орай жақындарының қасында болғысы келген адамдар әрлі-берлі қатынап, вирусты жан-жаққа таратуы мүмкін. Вокзал мен кемежайларда ине шаншар жер жоқ. Барлығы шектеу шараларының уақытша жеңілдетілуін пайдаланып, діттеген жеріне жетіп алмақшы.

Мохаммед Ниджам, құрылысшы:

- Мен қалада пәтер жалдап тұрамын. Жұмыссыз қалдым. Алайда соған қарамастан, пәтерақысын төлеуге міндеттімін. Үй иесі маза бермей жатыр. Ауылға қайтайын деп едім, бәрі жабық болды. Енді локдаун жеңілдетілгенін пайдаланып, үйіме жетіп алайын деп отырмын. Біреуге бекерден бекер ақша төлегенше ауылда бала-шағамның қасында болмаймын ба.

Базарда да адам көп. Жұрт мейрамға орай керек-жарағын сатып алып жатыр.

Шаха Алам, тіс дәрігері:

- Эпидемилогиялық ахуал күрделі. Билік локдаунды бірнеше күнге жеңілдеткен соң қажетті тауарларды сатып алу үшін базарға келдік. Бірақ қауіпсіздік шарасын ұмытқан жоқпыз.

Ал, Пәкістанның Карачи қаласының тұрғындары қауіпсіздігіне алаңдамау үшін жергілікті кәсіпкелердің бірі Құрбан айтқа шалынатын малды онлайн сатып алуды ұсынады. Айтуынша, бұл қазіргідей жағдайда вирус жұқтыру қаупін азайтады. Сауданың артуына септігін тигізеді. Өйткені қазіргі жағдайда жұрт базарға келуден де қорқады.

Сания Муниф, кәсіпкер:

- Менің бизнеспен айналысып жүргеніме 4 жыл боп қалды. Алғашында жақындарымен бірге жұмыс істейтінмін. Пандемия кезінде ғаламтордағы сауда жасауға үлкен қызығушылық артқанын байқадым. Сондықтан құрбандыққа шалынатын малды онлайн сату идеясы келді. Бұл мен секілді жас кәсіпкерлер үшін жақсы мүмкіндік.

Жалпы осы Карачи қаласында мал өсіретін орын жетіспейді екен. Сондықтан фермерлер көп қабатты үйлердің төбесінде сарай ашып, жануарларды сол жерде ұстауға мәжбүр. Қалада Құрбан айтқа шалынатын сиырларды шатырдан түсіру өзіндік бір дәстүрге айналған. Бұл көріністі тамашалау үшін жүздеген адам жиылады.

Сайед Эджаз Хассан, жергілікті тұрғын:

- Мен бұзау кезінде бірнешеуін сатып алып, оларды үйдің төбесіндегі сарайға кәдімгі баспалдақпен көтеріп жеткіземін. Ал Құрбан айтқа дейін күтіп баптаймын. Сосын үлкен сиырларды кранмен жерге түсіреміз.

Пандемия кезінде табысы азайған кәсіпкерлер клиенттерді тарту үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. Мәселен, Пәкістанда тұрғындардың бірі Құрбан айтқа орай мал шалуға арналған түйелердің үстіне түрлі ою-өрнектер салады.

Салимуддин Шейх, жергілікті тұрғын:

- Дизайнердің біраз еңбектенгені көрініп тұр. Мен жұмысы үшін 5 мың рупий қосымша төлеуге дайынмын. Алайда шыны керек, бағалар қымбат.

Бағаларға Үндістан тұрғындары да шағымданып жатыр. Мемлекет коронавирустан көз жұмғандар саны бойынша әлемде үшінші орында тұр. Пандемия денсаулық сақтау саласымен қатар экономикаға да ауыр соққы болғаны сөзсіз.

Мир Музамил, дүкен иесі:

- Мал базарында жүрген адам бұрынғыдай емес, аз. Сарапшылар елімізде коронавирустың үшінші толқыны басталғанын айтып отыр. Сондықтан жұрт сауда жасауға асығып жатқан жоқ. Ақшасы барлардың өздері де болашаққа алаңдап, үнемдеп жатыр.

Үндістанның көп штатында шектеу шаралары енгізілген. «Сондықтан билік Құрбан айт кезінде мүмкіндігінше үйде болған дұрыс», - дейді. Мешіттердің көбі жабық болады.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Әсел Абдыхалықова