Францияда коронавирустың төртінші толқыны басталды

Францияда COVID-19 індетінің төртінші толқыны басталды.

Бұл туралы ел үкіметінің ресми өкілі мәлімдеді. Осыған байланысты билік жаңа жоспар құрып жатыр. Шенеуніктің айтуынша, тамыздан бастап көптеген орындарда бақылау күшейіп, медицина қызметкерлері үшін вакциналау міндеттелуі мүмкін. Сарапшылар бұл талаптарды Еуропадағы ең қатаң шаралар деп бағалады. Тұтынушыларының екпе алғанын тексермеген мекемелерге 45 мың еуро айыппұл салу да жоспарда бар.

Габриэль Атталь, Франция үкіметінің ресми өкілі:

- Коронавирус қазір бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен таралып жатыр. Бірақ осы жолғы төртінші толқынның салдары қатерлі болмас үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Елдегі вакциналау қарқыны көңіл көншітпейді. Ал ауруханаға түскен науқастар қатары еселеп артуда. Бір аптаның ішінде ауруханаға жатқызылған жұқтырушылар саны 47%-ке, ал жансақтау бөліміне түскендер қатары 27%-ке артты. Қатаң заң жобасы күшіне енетін 30 тамызға дейін уақыттарыңыз бар. Вакцина алып үлгеріңіздер.