Түркияда 1,5 жылдан кейін алғаш рет локдаунсыз Құрбан айт мейрамы өтіп жатыр

Түркияда биыл Құрбан айтқа орай 9 күндік демалыс жарияланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мейрам пандемия басталғалы алғаш рет атап өтіледі.

Қазір бізбен осы елдегі меншікті тілшіміз Меруерт Қанағат тікелей байланысқа шығып отыр.

Диктор:

- Меруерт, Құрбан айт құтты болсын. Туыстас елде құрбан мерекесі қалай тойланып жатыр. Қандай шектеу шаралары қарастырылған?

Меруерт Қанағат, тілші:

- Қайырлы күн, Азамат. Исі мұсылман қауымның ұлық мерекесі құтты болсын. Түркияда бір жарым жылдан кейін алғаш рет локдаунсыз Құрбан айт мейрамы өтіп жатыр. Дәстүр бойынша мереке ел көлемінде барлық мешіттерде айт намазының оқылуымен басталды. Биыл президент Режеп Тайып Ердоған айт намазын елде емес, Никосиядағы орталық мешіттегі жамағатпен оқыды. Білетініңіздей, Түркияда 1 шілдеден бастап карантин талаптары едәуір жеңілдетілген. Дегенмен, дәстүрлі түрде бұқаралық сипатта тойланатын Құрбан айтта тұрғындардың жабық жерде топтасып жиналмау қажеттілігі ескертілді. Тіпті кейбір провинцияларда азаматтардың бір-біріне айттап баруына тыйым салынып, бүкіл елде маскалық режимді сақтау қажеттілігі айтылды. Айта кетерлігі, елде жарияланған 9 күндік демалыста да екпе егу орталықтары жұмыс істейді. Тіпті кейбір провинциялар халықты жаппай вакцинациялау үшін бұл күндерде қалааралық трассаларда екпе егу бекеттерін құрып отыр. Соңғы ақпар бойынша 83 миллион тұрғыны бар елде вакцианың бірінші дозасын 39 миллион, қос дозасын 21 миллионнан астам кісі салдырған.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

- 18 жастан асқан азаматтардың барлығын екпе салдыруға шақырамын. Түркияның басқа елдерден артықшылығы, экономикасы, әлеуметтік және сауда әлеуеті, халықаралық қатынасы, тіпті әр саладағы күші осыған байланысты.

Меруерт Қанағат, тілші:

- Құрбан айт күндерінде түрік әуежайлары мен автовокзалдарында қарбалас. Өйткені пандемия басталғалы ресми мерекеде алғаш рет қалааралық қатынасқа рұқсат етілді. Халық әдетте бұл күнде алыстағы ағайын мен туған-туыстарын аралайды. Сондықтан жергілікті тасымал компаниялары қосымша рейстерді арттырып отыр. Бұдан бөлек, тоғыз күндік демалыс әсіресе, туризм саласындағы кәсіпкерлерді қуантты. Түркия саяхат агенттіктері одағының мәлімдеуінше, Құрбан айтта 10 миллион кісі саяхат жасап, 10 миллиард лира кіріс келмек. Бұл күні қонақүйлердің денінде бос орын жоқ.

Экрем Аян, қонақ үй директоры:

- Биыл Құрбан айттың шілде айына сәйкес келуі бәріміз үшін жақсы болды. 1,5 жылдан бері пандемия салдарынан азаматтар бірінші рет демалыстқа шықты және жаппай екпенің арқасында калыпты өмірге орала бастадық. Қызмет саласындағы біздер бұл күнді сағына күттік.

Меруерт Қанағат, тілші:

- Елде құрбандықты онлайн және арнайы бекітілген орындарда шалуға рұқсат етілген. Бұл жерлерде құрбандықты арнайы білімі бар қасапшылар тез әрі таза жасауы үшін жасақталған. Ірі қалаларда басқа жерде діни рәсімді жүзеге асыруға тыйым салынған. Биыл мал базарларында құрбандық бағасы алдыңғы жылдармен салыстырғанда жоғары. Дегенмен, мамандар биыл орташа 3,6 миллион ірі және ұсақ мал құрбандыққа шалынады деп отыр. Жалпы Түркияда да 3 күн Құрбан айт тойланады. Бірінші күні тұрғындар құрбандық шалса, екінші және үшінші күні туған-туыстар мен жора-жолдастарды аралайды.