Израиль коронавируске қарсы дәрі ойлап тапты

Израиль ғалымдары коронавирусты емдейтін дәрі ойлап тапты. Ол дің жасушаларына негізделген. Мамандардың айтуынша, нәтиже бар. Өлім аузында жатқан науқастар осы дәріден кейін аяққа тұрып, қауіпті инфекциядан құлантаза айығып жатқан көрінеді.

Израиль ғалымдары мен дәрігерлерінің қазір қуанышында шек жоқ. Себебі төсек тартып, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған науқастар жаңа препараттың көмегімен тез арада аяққа тұрып кетіп жатыр. Мамандардың айтуынша, жаңа дәрі коронавирус індетімен күресуге көмектесетін әлемдегі алғашқы препарат болуы мүмкін.

Томер Бронштейн, дәрі жасаушы:

- Біз көптеген жылдар бойы дің жасушаларын зерттеп келеміз. Себебі олар иммундық жүйені тыныштандыратын қасиетке ие. Ағзаға арналған жедел жәрдем десе де болады. Мысалы, қандай да бір зақымдалған тін болса, аталған жасушалар оны тез қалпына келтіре алады. Сондықтан ағзадағы коронавирусты жеңу үшін дәл сол қасиетін қолданамыз.

Сынақ жұмыстары «Рамбам» ауруханасында шұғыл түрде өткен. Жаңа дәрі ауыр халде жатқан науқастарға тексерілген. Нәтижесінде бірінші екпеден кейін-ақ комада жатқан азаматтар оянып, сауыға бастаған. Өйткені осы дәрінің арқасында иммунитет ағзаға шабуылын доғарады екен.

Шаади Хамуд, «Рамбам» ауруханасының бөлім жетекшісі:

- Науқастарды тексеру кезінде біз тағы бірнеше маңызды нәрсені байқадық. Негізі емдеу алдында және одан кейін компьютерлік томография жасаймыз. Бір ай өте тағы да  томография жасалып, анализдер алынады. Сол кезде өкпе қабынуының тоқтай бастағанын байқадық. Ал емдеу жұмыстары аяқталғаннан кейін бір жарым ай өте өкпенің тап-таза болғанына көзіміз жетті. Әдетте ол үшін біршама уақыт керек. 

Жуырда клиникалық сынақтардың екінші кезеңі басталады. Оған 60 науқас қатысады. Арасында шетелдік азаматтар да болады. Бірте-бірте сынаққа қатысатындар санын бірнеше жүзге арттыру көзделіп отыр. Жалпы дің жасушалары негізінде жасалған дәрінің бір артықшылығы – оның өзге антибиотиктер мен вирусқа қарсы препараттарға қарағанда жанама әсері жоқ.

Сергей Ауслендер