424,51 504.55 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қырғызстанға Sinopharm екпесі жеткеннен кейін вакциналау қарқыны үдей түскен

  • 64
  • UPD: 17:56, 21.07.2021

Қырғызстанда 182 мың азамат коронавирусқа қарсы вакцина салдырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың қатары бұдан да көп болар ма еді?! Бірақ елге екпе жеткізуде үнемі кідіріс бар.

Қытайлық Sinopharm препаратының алғашқы партиясы келгеннен кейін вакциналау қарқыны үдей түскен. Келесі партия тамыз айында жеткізілуі тиіс.

Қырғызстан тұрғындарына бұл препарат жақсы таныс. Көктемде Қытай үкіметі 150 мың вакцинаны тегін бөлген. Ел билігі ресейлік «Спутник V» мен еуропалық AstraZeneca-ны сатып алу жөнінде келіссөз жүргізді. Алайда көп мөлшерде жеткізуге тек Қытаймен келісті. 1 млн 100 мың вакцина республика бюджетінің қаражатынан сатып алынды. Ал 150 мың данасын Қытай тарапы қайырымдылық көмек ретінде бөлді.

Ұлықбек Марипов, Қырғызстан премьер-министрі:

- Тамыз айында тағы 1 миллион 250 мың вакцина сатып алуды көздеп отырмыз, сонда бәрі дұрыс болады деймін. Барлық азаматтарымызды екпе салдыруға шақырамын, өйткені бұл әркімнің денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін жасалып отыр. Вакциналау экономикамызды күшейтіп, туризмді сақтап қалады және инвестиция тартуға көмектеседі.

Елде ресейлік «Спутник V» де салынып жатыр. Сәуір айында бұл вакцина ең алдымен медицина қызметкерлері мен егде жастағы азаматтарға егілді. Екі айдан кейін Ресей Қырғызстанға тағы 80 мың данасын жіберді. Алайда ол да тез таусылып қалды. Министрлер кабинеті өзге өндірушілерді іздеп жатқанда коронавирус жұқтырғандар саны күрт артты. Күн сайын бір мыңнан аса науқас анықталды. Денсаулық сақтау министрлігі олар үшін қосымша төсек-орын дайындауға мәжбүр болды, «алайда алаңдауға негіз жоқ» дейді.

Жалалидин Рахматулаев, Қырғызстан денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің орынбасары:

- Тұрғындарымыз уайымдамасын. Ауруханалар мен мамандар дайын. Былтырмен салыстырғанда дәрігерлер мен медбикелер даярлығы әлдеқайда жоғары. Медициналық құрал-сайман, сұйық оттегі және өкпені жасанды желдету аппаратарымен жақсы жабдықталдық.

Жақында елге AstraZeneca-ның 40 мың данасы жеткізілді. Оны Әзербайжан үкіметі тегін бөлді. Алайда ол 20 мың адамға ғана жетеді. Сондықтан билік бар үмітін Sinopharm-ға артып отыр. Бүкіл ел аумағында тегін вакциналайтын орталықтар ашылды.

Авторы: Бакыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы