COVID-19: Әлем елдері қайтадан шекараларын жабуы мүмкін

Коронавирусқа қарсы қаншама шаралар қолданылып жатқанмен нәтиже аз.

Әлем экономикасы тұсаулы аттай кібіртіктеп қалды. Ала жаздай туризмнен толайым табыс көретін елдердің де жағадйы қиындады. Әлем елдері қайтадан шекараларын жабуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тақауда Еуропаның аурулардың алдын алу және бақылау орталығы өкілдері осындай мәлімдеме жасады. Себебі жаздың соңына қарай Кәрі құрлық тұрғындарының 90%-і ковидтің мутацияланған түрін жұқтырады деген қауіп бар.

Туризмге салынған тұсау. Испанияның қазіргі жағдайын тек осылай ғана сипаттауға болады. Себебі коронавирустың салдарынан туризмді жандандыру әрекеттері еш нәтиже бермей тұр. Керісінше, елдегі қалалар бірінен соң бірі оңтүстікафрикалық «Бета» штамының шырмауына түсуде. Осыған байланысты демалушылардың бәріне қатаң ескерту жасалып жатыр. Кімде-кім коронавирус жұқтырса, он күнге оқшаулануға тиіс. Әсіресе шетелдіктер. «Ережені елемейді екенсің, онда 30 мың еуроға дейін айыппұл төлеуге дайын бол», - дейді билік өкілдері. Бұдан бөлек, азаматтар бетперде кию және арақашықтық сақтау тәртібін ұмытпауы керек.

Гильем Эскола, жағажай күзетшісі:

- Жағажай толып кетсе, бірден жауапты мамандарға хабар береміз. Өйткені олар арақашықтықтың сақталуын қамтамасыз етуі керек. Егер тәртіпті елемейтіндер анықталса, шұғыл түрде полицейлер шақырылады.

Ал Грекияда тағы да коменданттық сағат орнады. Дәлірек айтқанда, Миконос аралында. Енді осы жердегі қауымның сауық құруына рұқсат жоқ. Себебі небәрі бір аптада бұл аралда вирус жұқтыру көрсеткіші 4 есе артып кеткен. Дәмханаға баруға, үйге 20-дан астам қонақ шақыруға болмайтын тәртіпке байланысты енді туристер амалсыз кері қайтып жатыр.

Жиһанкездер әзірге Индонезияның ақ құмды жағалауларын да көре алмайды. Себебі бұл ел кемі 25 шілдеге дейін карантинде болады. Себебі «Дельта» штамын жұқтыру көрсеткіші кемімесе, елдегі шектеулер ұзартылып қалуы да мүмкін.

Коронавирус әлем экономикасына 2,5 триллион доллардай шығын әкеледі. БҰҰ өкілдерінің есебі осындай. Десе де, халықты вакциналау науқаны сәтті жүрген мемлекеттерде шығын мөлшері аса көп болмайды деген болжам да бар.