Перуде ковидтен емдеу үшін ауруханадағы орынға 21 мың доллар пара сұрайды

Перу полициясы коронавирустен емдейтін мемлекеттік ауруханадағы әр орын үшін 21 мың АҚШ долларын сұраған қылмыстық топты құрықтады.

Арнайы тексеріс нәтижесінде 9 күдікті қамауға алынды. Арасында «Альменара» ауруханасының әкімгері бар. Полицияға жансақтау бөліміне жата алмай жүрген науқастың бауыры хабарласып, шағым түсірген. Билік елдегі эпидахуалдың қатты ушығып кетуіне дәл осы жағдай әсер еткенін айтады. Перуде вакциналауға байланысты былық жыл басынан бері басылмай келеді. Жоғары лауазымды шенеуніктер екпені кезектен тыс салдырып алған. Қаңтарда бұрынғы Денсаулық және Ішкі істер министрлері қызметтен қуылған болатын.

Оскар Угарте, денсаулық министрі:

- Бұл мәселе осымен түгебейлі оң шешімін табады деп ойлаймын. Өмір мен өлімнің арасындағы адамнан ақша талап ету нағыз оңбағандық. Кінәлілер аяусыз жазалануы керек деп ойлаймын. Біз барлық деңгейдегі жемқорлықты түбірімен жоюымыз керек.