Германияда су тасқынынан зардап шеккендерге қаржылай көмек көрсетіледі

Германияда су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға қаржылай көмек көрсетіледі. Үкімет бастапқы кезеңде бұл мақсатқа 200 миллион еуро бөлуді көздеп отыр.

Рейнланд-Пфальц және Солтүстік Рейн-Вестфалия аймақтарының бюджетінен де осындай көлемде қаржы бөлінеді. Бұдан бөлек үкімет инфрақұрылымды қайта қалпына келтіру үшін қор құрылатынын жариялады.

Еске сала кетейік, өткен аптада Германияның батысында толассыз жауған жаңбырдан су тасқыны жүріп, жүздеген үй қирап бүлінді. Құтқару жұмыстары әлі жүріп жатыр. Соңғы мәліметке қарағанда су тасқынынан қаза тапқандар саны 170-ке жеткен. Жүздеген адам жоғалғандар қатарында. 

Олаф Шольц, Германия қаржы министрі:

- Үкімет қаржылай көмек бағдарламасын қолға алды. Зардап шеккендерге көмектесу үшін 400 миллион еуро бөлінеді. Егер қажет болып жатса оның көлемі ұлғайтылады. Үкімет әр азаматқа көмектесу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды.