Қытайда су тасқынынан қаза тапқан адам саны 33-ке жетті

Қытайдың Хэнань провинциясында нөсер мен тасқыннан көз жұмғандар саны артып, 33-ке жетті. Тағы 8 тұрғынның тағдыры белгісіз.

Табиғат апаты аймағында 3 миллион адам қалып отыр. Жүздеген мың тұрғын қауіпсіз жерге көшірілген. Қазір іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасуда. Қытай армиясының орталық басқармасы апат аудандарына 6 мыңға жуық жауынгер мен 100-ден астам техника аттандырды. Чжэнчжоу қаласына өзге өңірлерден 1 жарым мыңнан аса құтқарушы маман барды. Ал осы елдің Қаржы министрлігі табиғат апатынан зардап шеккен аудандардағы инфрақұрылымды қалпына келтіруге 100 миллион юань бөлінетінін мәлімдеді. Жалпы табиғат апатынан елге 1 миллиард юаннан астам шығын келгені айтылады.

Чжан Чжунхуа, Қытай халық-азаттық армиясының офицері:

- Біздің әскерилер Хэнань провинциясындағы ірі қалаларға жіберілді. Олар табиғат апатынан жапа шеккен аудандарда адамдарды құтқарудан бастап тұрғындарды эвакуациялау сынды барлық операцияға қатысып жатыр. 

Ал Солтүстік Корея тұрғындары аптап ыстықтан зардап шегіп жатыр. Жергілікті метеорологиялық қызметтің хабарлауынша, кей аймақтарда сынап бағанасы 38 градусқа жеткен. Салдарынан қалаларда шыжыған ыстықтан қолшатыр ұстап, қорғанған адамдар көбейген. Зардап шеккендер туралы ақпар жоқ. Аномальді ауа райы апта соңына дейін жалғасады деген болжам бар.