424,15 504.60 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Израильде коронавирус жұқтырғандар саны артты

  • 60
  • UPD: 13:28, 22.07.2021
Израильде коронавирус жұқтырғандар саны артты

Науқастар арасында балалар көп. Осыған байланысты ауруханалардағы балалар бөлімінде жоспарлы операциялар кейінге қалдырылған.

Израильде індеттің таралуы қайта күшейді. Науқастар саны күн сайын артып келеді. Ондаған адам ауыр халде жатыр. Үкімет «кезекті карантин енгізіле ме» деген сұраққа «қажет болса жариялаймыз» деп, қысқа қайтарып отыр.

Нахман Эш, Израиль денсаулық сақтау министрі:

- Біз жағдайды жіті қадағалап, денсаулық сақтау жүйесіне қауіп төнбеуін бақылап отыруымыз қажет. Бірақ өткен толқындар кезіндегідей ауыр кезеңдерге ұшыраймыз деп ойламаймыз. Алайда егер жансақтау бөлімінде науқастар саны артып, денсаулық сақтау жүйесіне қатер төнсе шектеулер енгізуіміз керек. 

Мамандар барлық мәселе дельта штамында дейді. Коронавирустың мутацияға ұшыраған бұл түрі бастапқы вирусқа қарағанда жұқпалы әрі қауіпті болып шықты. Бірақ билік халықты жаппай вакциналау өз жемісін беріп жатқанын айтады. Израильде халықтың 70 проценті вакциналанған.     

Юрий Ранков, Тель-Авив медициналық орталығының департамент басшысы:

- Елдегі ахуал алдыңғы штамдардағыдай ауыр болады деп ойламаймыз. Күн сайын 1 мыңға жуық адам вирусты жұқтырып жатқанын көріп отырмыз. Бірақ ауру олардың көбінде жеңіл және орташа ауыр түрде өтіп жатыр.  

Израильде науқастар саны артуына қарамастан ғимараттарда бетперде тағып жүруден басқа шара енгізілген жоқ. Қызыл тізімдегі елдерден бөлек мемлекеттерге саяхаттауға рұқсат. Тек балалар бөлімінде тыныс алу жолдары ауырып түскен кішкентай науқастар саны артқан. Қазір олардың қандай дертке шалдыққаны зерттеліп жатыр.

Сергей Ауслендер

Хабар 24 телеарнасы