Арменияға вакцина салғызу үшін келетін ирандықтар көбейді

Иранда халықты вакциналау науқанының баяу жүргізілуі жергілікті азаматтардың дертке қарсы екпені шетелге барып салдыруға итермелеуде. Әсіресе Арменияға ағылған ирандықтар қарасы көп. Себебі көрші елде ковид-19-ға қарсы екпені тегін алуға болады. Бірақ соңғы уақытта жергілікті билік бірқатар шектеу енгізіп, туристер қиындыққа тап болған.

Арменияның вакциналау орталығында соңғы апталарда ұзын сонар кезек. Бірақ коронавирусқа қарсы екпе салдыруға асыққан жандардың көбі жергілікті тұрғындар емес, Ираннан келген туристер. Ислам республикасында вакциналау науқаны баяу жүріп, ирандықтар көрші Армениядағы тегін вакциналауды пайдалануды шешкен.

Жергілікті тұрғын:

- Менен аударма жасауға көмектесуді сұрап, адамдарға 25 кісіден ғана келуді сұраған еді. Бірақ оны тыңдап жатқан ешкім жоқ. Тәңсәріден ығы-жығы халық. Екпе салдырып үлгірмей көп адам келесі күнді күтіп қалып жатыр.

Армения туризм министрлігінің мәлімдеуінше, өткен айда бұл елге Ираннан 9 мыңға жуық адам келіпті. Салдарынан шекарада кептеліс пайда болып, әуе компаниялары екі ел астанасы арасындағы рейстерді ұлғайтты. Туристердің көбеюіне байланысты үкімет жергілікті туроператорлардан саяхаттау бағдарламасына екпе салдыруды да енгізуге шақырды. 

Альфред Кочарян, Арменияның туризм комитеті басшысының міндетін атқарушы:

- Мамырда Ираннан 5 мың адам келсе, маусымда олардың саны 9 мыңға жетті. Әрине індет туризмді дамыту үшін жақсы себеп емес, бірақ туроператорларды қазіргі жағдайды тиімді пайдаланып, вакциналауды бағдарламасына қосып алса деймін.

Армения билігі вакцина алуға келген шетелдіктерді бақылау үшін кейбір екпені салуға шектеу енгізді. Енді бұл елде туристер тек «АстраЗенека» вакцинасын тегін салдыра алады. Тағы бір талап - саяхатшылар Арменияда вакцина алмас бұрын 10 күн болуы тиіс. 

Ибрахим Ганавати, ирандық саяхатшы:

- Жаңа тәртіптен екпе салдырамын деп келіп далада қалған туристер көп. Себебі мұнда келген соң екпе алу үшін 10 күнге қаламыз деп ешкім күтпеген.

Алайда ирандықтарды Армениядағы жаңа тәртіп қорқыта қоймаған. Себебі олар өз елінде екпені әлі бір айдан астам күтуіне тура келеді. Иранда халықты жаппай вакциналау тек қыркүйек айында басталады.

Дәурен Ақашұлы

Сондай-ақ...