423,92 504.55 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркияда Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған велошеру өтті

  • 91
  • UPD: 22:29, 22.07.2021
Түркияда Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған велошеру өтті

Анкарада Қазақстан-Түркия достық велошеруі өтті.

Бұл іс-шара ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған. Велошеру шаһардың қақ ортасындағы көшеде басталып, Ататүріктің «Аныткабир» мавзолейінде өз мәресіне жетті. 

Елуден астам спортшы қос елдің байрағын ұстап Анкараның бас көшелерімен жүріп өтті. 12 шақырымды еңсерген веложүргіншілер, Ататүріктің «Аныткабир» мавзолейіне келіп тоқтады. Қазақстанның Түркиядағы елшігінің ұйымдастырған акциясын елдің велоспорт федерациясы, екі елдің белсенді жастары мен еріктілері қолдады.

Абзал Сапарбекұлы, Қазақстанның Түркиядағы елшісі:

Қазақстанның 30 жылдығын ерекше форматта атап өтіп отырмыз. Алғаш рет, Түркияда велоспорт қауымдастығымен бірлесіп велошеру ұйымдастырдық. Пандемия және құрбан айтқа сәйкес келгендіктен қатысушылар санын шектеп, 50-ден астам топпен түрік астанасының көрікті жерлерінде жүріп өттік.

Ахмет Акюрек, Түркия Велоспорт Федерациясының мүшесі:

Қазақстаннан келген велоспортшымызды қала сыртынан қарсы алып, бірнеше шақырымдық жолды бірге жүріп өттік. Түрік-қазақ достығына арналған ерекше велошеру болды. Бəрі ойдағыдай өтті. Осы шараны пайдаланып Қазақстанды тəуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтаймын!

Анкарадағы велошеру, Түркістаннан Түркияға ұшақпен келіп, Анадолы жерін қарыш-қарыш темір тұлпарымен жүріп өткен Дамир Көшеевтің келуіне сәйкестендіріліпті. 34 жастағы Дамир 3 аптада Ыстамбұл-Билежик-Кутахия-Афийонкарахисар-Бурдур-Анталия-Каш-Фетхие-Измир-Полатлы және Анкара қалаларын жүріп өткен. Аталмыш қалалардың таңдалуы бекер емес. Веложүргіншінің айтуынша, мақсаты шаһарларда бой көтерген Абай ескерткішіне тағзым етіп, туристердің ең көп тұрақтайтын жерлерінде Түркістанды таныстыру. 

Дамир Көшеев, саяхатшы:

ТүркияҚазақстанның тәуелсіздігін алғаш мойындаған ел. Сондықтан, тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған велошеруімді осы мемлекетте жүзеге асырып отырмын. Сондай-ақ, Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қатынастарға 30 жылдығына арнаймын. Түркиятүркі дүниесі үшін маңызды мемлекет. Осы себепті, туыстас елге құрмет көрсетіп, өз көзімен көруге келдім.

Дамирді түрік халқы құшақ жая қарсы алыпты. Әрбір провинцияда тұрғындар Қазақстан туын танып, қолдау білдірген. Жиһанкездің сөзінше, сапары барысында кез келген тосқауыл болмаған. Дегенмен Жерорта теңізі елінің аптап ыстығы мен таулы аймақтары әбден тер төктіріпті.

Авторы: Меруерт Қанағат

 

Хабар 24 телеарнасы