Чехияда ауруханалардың компьютерлік жүйелеріне жиі шабуыл жасалады

Чехияда қаскөйлер ауруханалардың компьютерлік жүйелеріне жиі шабуыл жасайтын болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті полицейлер оларды эпидемиологиялық хакерлер деп атайды. Соңғы бір айда осындай қылмыс саны 267%-ке өсті. Ел қауіпсіздігіне алаңдаған билік оларды ерекше бақылауға алды. Ал саясаткерлер бұл әрекетті террорлық шабуыл деп тануды талап етіп отыр.

Брно қаласында болған оқиғадан кейін осындай хакерлік шабуылдарды мемлекетке қарсы қылмыстар қатарына қоса бастады. Чехияның ең ірі қалаларының бірінде үш апта бойы ауруханадағы бірнеше бөлім жұмыс істеген жоқ. Арасында жұқпалы ауруларды емдейтін бөлім де болған. Онда жатқан науқастарды шұғыл түрде өзге клиникаларға, тіпті көрші қалаларға да ауыстыруға тура келді.

Ивош Спечка, Брно қаласы аудандық полиция бөлімінің аға заңгері:

- Компьютерлік жүйені бұғаттаумен қатар хакерлер шабуылдарын тоқтату үшін құн да сұрап жүрген. Пандемия кезінде, ажалдан арашалап қалу үшін әр минут бағалы. Сондықтан кейбіреуі ақша төлеуге келісті. Бірнеше аудандық ауруханадан 20 мың еуро талап еткен. Ондаған адамға өлім қаупі төнгендіктен олар ақша төлепті.

Осындай оқиғалар бүкіл ел аумағында тіркелді. Әсіресе, шалғайдағы өңірлерге жиі шабуыл жасайтын көрінеді. Полиция өкілдерінің пікірінше, қылмыскерлер ауылды мекенде хакерлік әрекеттерге тойтарыс беруге тәжірибесі аз деп санаған. Прагада осындай қылмыстармен күресетін арнайы бөлім құрылды, алайда әзірше оның жұмысы айтарлықтай нәтиже берген жоқ. Бұл шабуылдарды Украина немесе Болгарияда орналасқан шетелдік қылмыстық топтар ұйымдастырып жүр деген жорамал бар. Соңғы үш айда олар жарты миллион еуро мөлшерінде заңсыз табысқа ие болды. Бар жағдайда хакерлер 50-ден аса ауыр халдегі науқас жатқан клиникаларда компьютерлерді ажыратқан болатын. Осыған қарап, полиция бүкіл осы қылмысты бір топ жасаған деген тұжырымға келді.

Ян Сачик, Прага қаласы полиция бөлімінің бастығы:

- Былтырмен салыстырғанда кибершабуыл саны үш есе өсті. Бұрын хакерлерді тек ауруханалардың есепшоттары мен құрал-сайман сатып алу келісімшарттары қызықтырған еді. Ал биыл науқастардың өмірімен бопсалайтын болды. Тіпті банктерден гөрі ауруханаларды жиі шабуылдайды.

Полиция қаскүнемдердің ізіне түсуге тырысып жүрген кезде, Үкімет ауруханаларда ақпараттық қауіпсіздікті күшйетуді бұйырды. Медиицна қызметкерлеріне киберқауіпсіздік ережелерін үйрете бастады. Ал Парламент осындай қылмыстар үшін жазаны қатайтатын заң әзірлеуге ниетті.

Авторлары: Александр Грэс, Павел Нэвид