425,73 504.32 5.81
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Үндістанда коронавирусты емдеудің ерекше тәсілі пайда болды

  • 193
  • UPD: 10:20, 24.07.2021

 

Үндістанда ковидтен емдейтін алаяқтар көбейді.

Елдегі бақсылардың бірі «адам денесіндегі вирусты шоқ темірдің қызуымен қуып шығамын» деп жар салған. Сол-ақ екен, тәуіпсымақтың алдына барушылар бірден көбейген. Салдарынан аз ғана күннің ішінде мыңнан астам адам аурухана түсті. өкініштісі, 13 науқас бақилық болған.

Мехта Джадхав өзін әулие санайды. Аллахабад қаласынан шыққан бақсы «Ганг өзенінде тудым, емшілікті денеме бір мезетте дарыған 8 найзағайдан алдым» дейді. Коронавирусқа қарсы емдеу тәсілін камераға түсіруге болмайды, айтуынша, бейнекамера жын-шайтан шақырып, ауруды қууға кедергі жасайды. Ол құмырсқалар, лай су, жыланның уы мен тот басқан құрал-сайманның көмегімен емдейді.

Мехта Джадхав, бақсы:

Кез келген аурудан арылуға болады. Кейде жан ауыртуға тура келеді. Өзім ковидпен ауырған емеспін, екіншіден, алдыма келгеннің бәрі коронавирустан құлан-таза айығады. Соңғы аптада 18 науқасты емдеп жаздым.

Үндістанда соңғы 1 жылда осындай жүздеген тәуіпсымақ пайда болған. Кеше ғана көшеде қаңғырып жүргендер әп сәтте шипагерге айналып шыға келді. Бір сеанс кемінде мың рупий тұрады. Бұл шамамен 15 доллар. Шектен шыққан шипаның бірі – қызған темірмен таңба басу. Салдарынан жүздеген адам ауыр халде жатыр.

Сакши Дев, психолог:

– Халық емшілерінің 99 проценті – кәдімгі алаяқтар. Олар қарапайым адамдардың жан күйзелісін жақсы біледі. Тығырыққа тірелгендер не болса, соған сенеді. Өкінішке қарай, елімізде осы алаяқтықтың жолын кесетін заң тетіктері жоқ. Бірақ мұндай бақсыларды адамдарды қорлағаны немесе өлтіргені үшін жазалау керек сияқты.

Жарты жыл бұрын 6 штатта құмырсқаларға шақтырып емдеу кең таралған еді. Денесі уланған көп адам мүгедек болып қалды. Кейін аскорбин қышқылы қосылған жыланның уы да ем ретінде пайдаланылды. Қазір ол бақсылар түрмеде. Соңғы кездері алаяқ емшілерге қарсы еріктілер көптеп шыға бастады. Олар алыс ауылдарға барып, халықтың сауатын ашуға тырысып жүр.

Авторы: Ернат Мелсұлы, Алексей Лаптенок

 

Хабар 24 телеарнасы