Қытайда су тасқыны құрбандарының саны артты

Қытайдың орталығындағы Хэнань провинциясында су тасқыны құрбандарының саны тағы артты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соңғы дерек бойынша 56 адам көз жұмған. Із-түзсіз жоғалғандар санатындағы 5 адам әлі табылған жоқ.

Табиғат апатына шелектеп жауған нөсер себеп. Топан су 10 мың құрылысты қиратқан. Ауыл шаруашылығы саласына елеулі нұқсан келтірілді. Тікелей экономикалық шығын 10 миллиард долларға бағаланып отыр.

Чжу Лингян, мейрамхана иесі:

– Мен жаңбыр көп жауып, салдары осындай болады деп ойлаған жоқпын. Мейрамханамыз су астында қалды. Отбасымызда тек бір адам ғана жұмыс істейді. Біз бүкіл ақшамызды осы мейрамханаға салып тастаған едік. Енді қайтеміз?

Қытаймен көршілес Үндістан халқы да су тасқынының зардабын тартып отыр.

Қатты нөсерге байланысты Мумбай қаласында қауіптіліктің ең жоғарғы деңгейі жарияланды. Шаһар ораналасқан Махараштра штатында лай көшкіні жүріп өткен.

Соңғы дерек бойынша, табиғат апатынан 129 адам көз жұмған.