Бішкек әлемдегі ауасы ең лас қалалардың қатарына енді

Бішкек әлемдегі ауасы ең лас қалалардың қатарында. Елдің өзге де өңірлерінде экологиялық ахуал мәз емес, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дегенмен, қырғыз елі бос қарап отырған жоқ. «Жасыл бизнес» деп аталатын жобаны жүзеге асырып жатыр. Соның арқасында ірі компаниялар да энергия үнемдейтін таза технологияларды жиі қолдана бастаған. Бір қызығы, жобаға қатысып, қосымша табыс та табуға болады. 

6 мың шаршы метр ауданды алып жатқан бұл нысан Орталық Азиядағы ең үлкен фитнес орталықтарының бірі. Бірақ басты ерекшелігі бұл емес. Сауықтыру кешенінің бүкіл инфрақұрылымы энергия үнемдейтін технологиялармен құрылған. Суын жыл бойы Күн батареялары жылытады. Жарық сүзгіш витраждарды қамтитын жылу сақтау жүйесі бар. Ауа тазалығы мен тұрақты температурасы мен желденуін жылу сорғылары қамтамасыз етеді. Тағы бір инженерлік ерекшелігі, жүзу хауыздарындағы су тазартылып, қайта қолданылады. Осындай технологиялар арқылы фитнес орталық жылына 455 мегаватт сағат электр қуатын үнемдейді.

Турусбек Мамашов, компаниялар тобының президенті:

- Ең алдымен экологиялық қауіпсіздікті ойлаймыз, сондықтан ауа мен қаланы ластамаймыз. Бар жұмысымыз таза экономика қағидатына негізделген. Кәсіпорнымызды Бішкектегі таза экологиялық аймақ деп атауға болады.

Соңғы жылдары жергілікті кәсіпкерлер өндірісте таза технологияларды жиі қолдана бастады. Қоршаған ортаны қорғаумен қатар осылай қосымша табыс алуға болады. Қырғызстанда қуат үнемдеу технологияларын енгізу бойынша жобалардың бірін Еуропалық Одақ қаржыландырып жатыр. Егер кәсіпкердің жобасы экология жағынан тиімді болса, ол жасыл технологияға жұмсаған қаражатының бір бөлігін қайтара алады.

Салават Сооронбаев, қуат үнемдейтін технологиялар бойынша кеңесші-инженер:

- Барлық осы шаралар мен бизнес-жобалар жылына 183 мың мегаватт сағат электр қуатын үнемдеп, ауаға шығатын көмірқышқыл газының мөлшерін 65 мың тоннаға қысқартты. Ал су үнемдейтін технологиялар 151 мың текше метр суды сақтап қалды.

Қазіргі кезде Қырғызстанда қуат үнемдейтін 3300 жоба жүзеге асты. Оған жалпы 53 миллион долар жұмсалып, кәсіпкерлерге ынталандыру шарасы ретінде 7 миллионы қайтарылды. Бұл бағдарламаға шағын мен орта бизнеспен қатар ірі кәсіпорындар да белсенді қатысып жатыр.

Авторы: Бақыт Чермашев

Сондай-ақ...