Америкалық мамандар: Коронавирус жұқтырып жатқандардың дені вакцина алмағандар

АҚШ-тың ауруларды бақылау және алдын алу орталығының мамандары елдегі эпиджағдайдың ушығып бара жатқанын айтып, алаңдап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Халықты вакцина алуға шақырғанмен, үгіт-насихат жұмыстары айтарлықтай нәтиже беріп жатқан жоқ», - дейді олар. Әсіресе, жастар вакциналауға немқұрайлы.

Талғат Алманов, тілші:

- Алабама – вакциналау көрсеткіші бойынша АҚШ-тағы ең төменгі орында тұрған штат. Халықтың 33%-і ғана екпе салдырған. «Сол себепті қатерлі індетті жұқтырып жатқандардың дені вакцина алмаған америкалықтар», - дейді мамандар. «Ковидтен енді ғана арыламыз деп жүргенде жағдайдың қайтадан ушығып бара жатқандығы қынжылтады», - дейді олар.

Алин Марти, дәрігер:

- Вакцина – ковидті жеңетін нөмірі бірінші қаруымыз. Қазіргі қиын кезеңнен аман өтуіміз үшін вакцина алу керектігін айтып-ақ жатырмыз, бірақ тыңдайтын адам жоқ көрінеді. Билікте отырғандар да саяси талас тартыстарын қоя тұрып, вакциналаудың қаншалықты маңызды екендігін халыққа жеткізу керек.

Дәрігердің айтуынша, ауруханаға түсіп жатқандардың дені 20 мен 39 жас аралығындағы жастар. Оған қоса, науқастардың 85%-і «Дельта» штамын жұқтырғандар екен. «Вакцина алуды қаламайтындар ойын өзгертпесе, суықтың келуімен жағдай тіпті қиын болмақ», - дейді мамандар.

Уильям Шафнер, дәрігер:

- Суық ауа райының келуімен тыныс алуға кедергі келтіретін аурулар мен вирустар да көбейеді. Бір ғана тұмауды алыңыз. Жағдай тіпті қиындай түсуі мүмкін. Сол үшін қыркүйек-қазан айларына дейін вакцина алып үлгеріңіздер.

Айтылып жатқан ескертулер мен індеттің өршіп бара жатқанына қарамастан вакцина алуды жөн көрмейтіндер де аз емес. Айтуларынша, ковид індетінен қорғалу үшін екпе алу шарт емес.

Жергілікті, тұрғын:

- Вирустың таралып жатқанын білемін. Бірақ мен вакцина алғым келмейді, өйткені менің денсаулығым жақсы, денім сау. Және менен қоғам үшін ешқандай қауіп жоқ деп ойлаймын.

Бүгінде АҚШ-та ковидпен ауырғандардың саны тәулігіне 45 мыңнан асып отыр. Бұл өткен аптамен салыстырғанда 65%-ке жоғары көрсеткіш. Сондай-ақ ауруханаға түскендердің саны да артып келеді. Ал вакциналау қарқыны болса қаңтардан бергі ең төменгі көрсеткішке жетіп отыр.

Авторлары: Талғат Алманов, Ринат Садыров

Сондай-ақ...