Британияда бір елді мекенге екі мэр сайланады

Германияда да мэрлерді халық таңдайды. Алайда әр федералдық жерде үміткерге қатысты талап әртүрлі. Мәселен, қалалардың бірінде жергілікті тұрғындар 19 жастағы студентті әкім қылып сайлаған. Ал Ұлыбританиядағы елді мекендерге азаматтар екі бірдей мэр сайлайды екен.

Ресейде 2014 жылы мемлекеттік Дума жергілікті өзін өзі басқару реформасы туралы заң қабылдады.

Заңға сәйкес, қала мэрлерін қалай сайлау керегін өңір басшылары өздері шешеді. Яғни шаһар басшысын тікелей сайлай ма, әлде муниципалдық кеңес таңдай ма - әр аймақ жетекшісі осыған қатысты өздігінше шешім қабылдайды. Бірақ соңғы уақытта көрші елде қала басшыларын тікелей сайлау мүмкіндігін кері қайтару туралы жиі айтыла бастады. Тұрғындармен қатар мұны партиялар да талап етіп отыр. Мәселен «Новые люди» саяси бірлестігінің өкілдері Челябі қаласында қала басшысын бұрынғыдай халық таңдауы керек дейді.

Максим Гулин, «Новые люди» партиясы аймақтық бөлімінің хатшысы:

- Халық билікпен диалог құрғысы келеді. Жұрт абаттандыру және бюджет мәселесін талқылауға қатысуды қалайды. Әзірге тұрғындарда ондай мүмкіндік жоқ. Сондықтан олар сөмкесін жинап, жолдары тегіс, жұмыс орындары бар және жалақысы жоғары өңірлерге көшіп кетіп жатыр.

Германияда федералдық жерлердің көбінде қала мэрлерін халық тікелей сайлау арқылы таңдайды. Ал ел астанасы Берлинде оларды жергілікті парламент сайлайды. Кандидаттарға қатысты талаптар әр өңірде әртүрлі. Мәселен, бір жерде үміткер Германия азаматы болуы міндет болса, Солтүстік Рейн-Вестфалияда Еуроодақтың кез келген тұрғыны мэр болуға үмітті. Қала басшысына кандидаттарды партия ұсынады. Саяси ұйымға кірмейтін адам да өз бағын сынап көре алады. Ол үшін комиссияға тиісті хат жолдауы тиіс. Бір қызығы, әр федералдық аумақта үміткерлердің жасына қойылатын талап та әртүрлі. Мәселен, Бавариядағы Лихтенберг шағын қаласының тұрғындары мэр лауазымына 19 жастағы студентті сайлапты.

Ал Ұлыбританияда қалалар мен ауылдық жерлерді екі бірдей мэр басқарады. Біріншісі арнайы кеңес тарапынан жылына бір рет тағайындалады. Елді мекен басшысы салтанатты шараларға қатысып, жиналыстардың күн тәртібін белгілей алады. Бірақ кеңес жұмысына қатысты қандай да бір шешім қабылдай алмайды. Бір сөзбен айтқанда, өкілеттігі жоқ. Мұндай мэрлер көбіне қоқыс жинау, оны қайта өңдеу, үй салығын жинау, тұрғын үй-коммуналдық қызметтердің жұмысына ғана жауапты.

Джерард Харгривз, Кенсингтон және Челси округінің мэрі:

- Қазір үкімет те, жергілікті атқарушы органдар да қаржыдан қиналып жатыр. Бүгінгідей ауыр кезеңде бюджет қаражатын, ақылға салып, дұрыс жұмсай білуіміз керек. Қазір, мысалы, Кенсингтон және Челси округінде жердің астына жоғары жылдамдықты интернет сымдары төселіп жатыр. Бұл бизнес үшін де, жеке үйлер үшін де маңызды. Халықтың өмірін жақсарту үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз қажет.

Ал екінші мэрді халық таңдайды. Оның қаланың немесе округтің бюджетін басқару, бір жылдық жоспар құру секілді құқықтары бар. Үміткерлер сайлауға партия атынан қатыса алады немесе өзін өзі ұсына алады.

Ал Бельгияда себепсіз сайлауға келмегендер 250 еуро айыппұл төлейді. Өйткені мұнда жасы кәмелетке толғандар сайлауға қатысуы міндетті. Алайда қазір парламентарийлер бұл талапты алып тастау мәселесін қарастырып жатыр. Дауыс беруге қатыспағаны үшін жазаға Болгария, Грекия, Египет, Люксембург пен Пәкістанда да тағайындалғанын айта кетейік.

Жұлдыз Атагельдиева, Әсел Абдыхалықова, Болат Абдуллин