Чехия халқы шетелдіктерді мемлекетке төнген қауіп ретінде қабылдайды

Чехия халқы шетелдіктерді мемлекетке төнген қауіп деп санайды. Елдегі статистика агенттігі жүргізген тәуелсіз сараптама нәтижесі осындай. Алайда локдаун кезінде дәл осы шетелдік жұмыс күшінің тапшылығы салдарынан ондаған фабрика мен өндіріс орыны жабылып қалды.

Сарапшылардың мәлімдеуінше, чех халқының 80 проценті шетелдіктерді «елге төнген қауіп» деп санайды. Саясаткерлер бұған нақты не себеп екенін айта алмай отыр. Кейбіреуі оған халықаралық жанжалдар түрткі болды дейді.  Мұның сыртында жергілікті жұрттың көңіл-күйіне заңсыз көші-қон да әсер еткен болуы мүмкін. 

Лукаш Врана, саяси сарапшы:

- 5 жыл бұрын Чехия сырттан келгендер үшін Еуропаның ең тартымды елдерінің бірі болатын. Алайда қазір жағдай өзгерген. Кейбіреулер үшін босқын мен лаңкес бір түсінік боп кеткен. Уақыт өте келе бұл шетелдіктерге қарсы наразылық одан бетер ушығады деген қауіп бар.

Ал жергілікті парламент жанындағы әлеуметтік қорғау бөлімінің өкілдері еңбек мигранттары жергілікті өнеркәсіптің дамуының кепілі саналатынын айтады. Өйткені Чехиядағы фабрика мен зауыттарда негізінен Украина, Беларусь пен Венгриядан келген азаматтар жұмыс істейді. Локдаун кезінде бір ғана Прагада қызметкерлер тапшылығы салдарынан 4 ірі кәсіпорын жабылып қалды. Еңбек биржасында ұсыныстар көп болғанымен жергілікті жұрт зауыттағы жұмысқа қызығушылық танытқан жоқ.

Павел Крейчи, заңгер:

- Қазір Чехияда бір ғана Украинадан келген 200 мың мигрант заңды түрде тұрып жатыр. Барлығында жұмыс визасы бар. Таяуда талдау жүргіздік. Оның қорытындысы сырттан келгендер арасында қылмыс деңгейі төмен екенін көрсетті. Олар елде тұрып жұмыс істегісі келеді. Жергілікті жұрттың сенімсіздік тудыруына бұл азаматтар емес, заңсыз мигранттар кінәлі. Олар Еуропада қалу үшін қолдан келгеннің бәрін істейді. Ұрлық жасап, тіпті көшеде тұруға дайын. Бірақ бұл бірлі-жарым оқиға. 

Чехияда мигранттар бұрын да жұмыс күші саналып келген. Былтыр ел парламенті оларды қабылдаудың тәртібін қарастырып және жергілікті еңбек нарығын оңтайлы етуді көздеп бастама көтерген. Бұл әрине жергілікті тұрғындардың қамын күйттеген жоба болатын. Бірақ чехтардың арзанқол немесе қара жұмысқа құлшынысы артып тұрмағаны онсыз да белгілі еді. 

Александр Грэс, Дмитрий Лукша, Павел Невид